“Астана“ - “Челси“ ойыны: Алматыда қай көшелер жабылады?

“Астана“ - “Челси“ ойыны: Алматыда қай көшелер жабылады?
Фото: Коллаж: depositphotos.com

Алматы полиция департаменті "Астана" - "Челси" ойыны кезінде қай көшелерде көлік қозғалысы шектелетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

12 желтоқсанда Алматының Орталық стадионында өтетін "Астана" - "Челси" матчы қарсаңында ПД қызметтері мен бөлімшелерінің жеке құрамы кезекшіліктің күшейтілген нұсқасына ауыстырылды.

Полиция күштері спорт нысанының өзінде де, оған шектес аумақтарда да тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

"Ең алдымен қаламыздың тұрғындары мен қонақтарына стадионға іргелес аумақта көлік кептелісін болдырмау мақсатында 12 желтоқсанда сағат 18:30-дан 00:00-ге дейін Абай даңғылында (Байтұрсынұлы көшесінен Мұқанов көшесіне дейін) көлік қозғалысы шектелетінін, Сәтбаев көшесі (Байтұрсынұлы көшесінен Байзақов көшесіне дейін) толығымен жабылатынын, жақын маңдағы көшелерге патрульдік полиция қызметі қойылатынын хабарлаймыз. Сондай-ақ жанкүйерлерге Орталық стадионға ертерек келуге және кептелістерді болдырмау үшін қоғамдық көлікті пайдалану ұсынылады. Футбол жанкүйерлері үшін Орталық стадионға кіру сағат 18:00-де ашылады", - деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Серік Шумаев.

Айта кетейік, "Астана" мен "Челси" арасындағы ойын 12 желтоқсанда Алматының Орталық стадионында өтеді. Билеттер сатылымға біраз уақыт бұрын шығарылды.

Еске салайық, бұған дейін полиция азаматтарға ескерту жасағаны хабарланды. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова