“Астана“ - “Челси“ матчы: Орталық стадионның басқарушысы қызметінен босатылды

“Астана“ - “Челси“ матчы: Орталық стадионның басқарушысы қызметінен босатылды
Фото: Tengrinews.kz/ Әлихан Сәриев

Алматының Орталық стадионының басқарушысы "Астана" - "Челси" матчы алдында трибуналардың уақытылы тазаланбауына байланысты қызметінен босатылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жанкүйерлердің көпшілігі Конференция лигасының матчы басталар алдында Орталық стадион трибуналарындағы жағдайға шағымданған еді, ондағы қар тазаланбаған болып шықты.

Фото: Tengrinews.kz / Әлихан Сәриев

"Алматы Орталық стадионының батыс секторындағы алты қатардың (Орталық стадиондағы жалпы орын санының 2,7%-ы) арасындағы қардың уақытылы тазаланбауынан туындаған қолайсыздықтар үшін жанкүйерлерден кешірім сұраймыз. Болашақта осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында тексеріс жүргізіледі. Орталық стадион нысанының басқарушысы Бауыржан Жұмажанов қызметінен шеттетілді", - делінген хабарламада.

Фото: Tengrinews.kz / Әлихан Сәриев 

Сондай-ақ дирекция өкілдері жанкүйерлердің жайлылығы әсіресе осындай матчтарда маңызды екенін, болашақта мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін бар күшін салатынын атап өтті.

"Астана" Конференция лигасының жалпы кезеңінің бесінші турында "Челсиден" ұтылып, сенсация жасай алмады. Алматыда өткен кездесу 1:3 есебімен аяқталды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан