“Астана банктің“ экс-басшысы 10 жылға сотталды

“Астана банктің“ экс-басшысы 10 жылға сотталды
Фото: Видео кадры

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Данияр Биғайдаров "Астана банкі" АҚ-ның бұрынғы басшылығы жөніндегі іске қатысты жаңа мәліметтермен бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Брифинг барысында Биғайдаров елорданың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 2025 жылдың 22 сәуірінде "Астана банкі" АҚ-ның бұрынғы топ-менеджменті мен қызметкерлеріне қатысты үкім шығарғанын хабарлады.

"Сот "Астана банкі" АҚ директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы әрі ірі акционері Олжас Тоқтаровты агенттік қызметтерді көрсету сылтауымен ұрлық жасады және банкрот болуға жақын кезеңде Алматы қаласындағы бизнес-орталықты өзіне бағынышты компаниялардың пайдасына заңсыз иеліктен шығарды деп таныды", – деді Биғайдаров Антикордағы брифингте.

Оның айтуынша, Тоқтаров сырттай 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, оның 14 миллиард теңгеден астам сомаға бағаланатын мүлкі тәркіленді. Оған тұрғын үйлер, әкімшілік және өндірістік нысандар, құрылыстар, жер телімдері, құнды қағаздар мен криптовалюталар кіреді. 

Еске салсақ, өткен жылдың қыркүйек айында Антикор "Астана банкі" АҚ-ның бұрынғы акционері Олжас Тоқтаровты тергеуге шақырған болатын.

Ведомство сол кезде Тоқтаровтың 2024 жылдың 26 қыркүйегінде Астанадағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің әкімшілік ғимаратына келуі қажет екенін хабарлаған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget