- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Астана Балет" театрының...
"Астана Балет" театрының Алматыдағы гастрольдік сапары сәтті өтті
Х мерейтойлық маусым аясында "Астана Балет" театрының Алматыға гастрольдік сапары сәтті аяқталды. Мамырдың 13-і мен 20 аралығында астаналық ұжым ауқымды әрі мазмұнды бағдарламасын паш етті: әлемдік балет жауһарлары, авторлық спектакльдер мен симфониялық оркестрдің концерті. Алматылық көрермен барлық қойылымды зор қошеметпен қабылдап, ыстық ықыласын білдірді.
"Театрымыз жыл сайын еліміздің қалалары мен аймақтарына гастрольдік сапарларын ұйымдастырып келеді. Ұжымымызға көрсетілетін қошемет ерекше. Демек шығармашылығымызға деген қызығушылық бар. Жас әртістер мен хореографтардың шығармашылық жалыны үздіксіз ізденіс пен кемелденудің кепіліне айналды. Авторлық спектакльдер, классикалық және неоклассикалық бағыттағы әлемдік балет жауһарлары - репертуарымыздың ажары. "Астана Балет" еліміздің мәдени мұрасының шырақшысына, еліміздің мақтанышына айналды десем, артық айтқандық емес", - дейді театр директоры Александр Совостьянов.
Гастроль аясында заманауи балет қойылымдары көрсетілді. Almaty Theatre сахнасында Ballet Globe фестивалінің аясында әлемдік балет жұлдыздары Диана Вишнева, Владислав Лантратов және Денис Савиндердің қатысуымен аңызға айналған "Кармен-сюита" балеті; Дж. Баланчиннің неоклассикалық інжу-маржаны "Серенада"; И.Килианның "Жолдан тайғандар" балеті; хореограф Мукарам Авахри қойған "Жібек жолы" балет-медитациясы көрермен назарына тарту етілді. Бұған қоса, Карина Абдуллинаның шығармашылық кеші өтіп, осы кеш аясында, Мукарам Авахри қойған "Тағдыр бұлтарыстары" балеті көрсетілді.
Абай атындағы опера және балет театрында, симфониялық оркестр мен URKER тобының бірлескен концертімен "Астана Балет" театрының гастрольдік қойылымдарының шымылдығы жабылды.
"Тарихы, мәдениеті мен театр дәстүрі бай осы қалаға келген сайын, тынысымыз кеңейіп, жан сарайымыз ашылғандай күй кешеміз. Себебі ондаған жыл бойы отандық театр дәстүрінің озық үлгісі әрі мектебі осы қалада қалыптасқаны белгілі. Өз тарапымыздан, біз де, үздік қойылымдарымызды алып келдік. Көрермен көкейінен шығуға тырыстық. Биік өнердің салтанатты мерекесіне айналған гастрольдік сапарымыз ешбір көрерменді бей-жай қалдырмады деп ойлаймыз. Жағымды эмоциялар мол болды", - деді театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
Гастрольдік сапар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек