- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Астана Балет" театрының...
"Астана Балет" театрының Алматыдағы ғаламат гастролі
7-16 сәуірде "Астана Балет" театрының гастролі Almaty Theatre сахнасында өтті. Гастрольдік бағдарлама аясында Мария Мудряк концерті, "Саломея", "Ғашықтың тілі – тілсіз тіл...", "Ромео мен Джульетта" спектакльдері, Ethno Fashion Ballet перфомансы, "Melodic show" шоу-бағдарламасы көрсетілді. Алматылықтар әртістерге зор қошемет көрсетті: елордалық ұжымның өнері еліміздің мәдени астанасы тұрғындарының көңілінен шықты.
Театр директоры Александр Совостьяновтың айтуынша, театр үшін бұл сапар емтиханмен пара-пар болды. Себебі, көпшілігінің осы әсем қаламен байланысы бар.
"Дәстүрлі түрде жан-жақты, терең әрі мазмұнды бағдарлама дайындадық. Бұл гастрольдік сапарымыз көрермен көңілінен шығып, жүрек төрінен орын алды деген үміттемін. Барлық қойылымдар сыншылар мен қалың көрермен тарапынан ерекше қолдау тапқанына қуаныштымыз", - деді ол.
"Алматылықтар театрдың гастролін тағатсыздана күтетін болды, себебі, бұған дейінгі көрсетілімдерден түйгеніміз – әртістер міндетті түрде үздік қойылымдарын паш етіп, бірегей, батыл, жаңашыл тәжірибелерімен бөліседі. Гастрольдік көрсетілім Мария Мудряктың концертімен басталды. Есейген, кәсіби опера әншісіне айналған ол өзінің түпкі әртістік болмысынан айырылмағанын көріп, көрермен қауым қошеметін аямады. Таңдаған репертуарынан бөлек, оркестрмен жұмыс істеу тәсіліне тәнті болдық", - деген ойымен бөлісті, "Казахстанкая правда" газетінің шолушысы Людмила Макаренко.
"Соломея" балетіндегі эксперимент жиынтығы, сонымен бірге, динамикадан айырылмай, сахнаны безендірудегі минимализм мен симфоликаға толы болды. Хореограф графикалық көп фигуралық композицияны құрып, заманауи би пластикасымен көрерменді баурап алды", - деген ойын білдірді, музыкатанушы Валерия Недлина.
"Бұл жолы "Астана Балет" біз күткеннен де зор табысқа жетті. Бір аптаның ішінде әртүрлі оқиғалалар орын алды ғой. Осыған қарап, театрдың түрлі бағытта дамуға күш салып жатқанын аңғарамыз. Сонымен бірге, балет өнерін ерекше құрметтейтін аға буын өкілдерін ғана емес, жастарды да осы өнерге баулып, театр, музыка және би өнері түйіскен ғажайып әлеммен таныстыруға ұмытлып жүргеніне көз жеткіздік", - дейді балет сыншысы Флюра Мусина.
"Ромео мен Джульетта" атты жаңа балет те ойдағыдай шықты. Сценографиясы, көпшілік сахналары, дуэттері ғаламат. Тағы бір атап өткім келгені – әртістер. Олардың бойында жастық жалын, албырт сезім көрермен қауымды да ерекше күйге бөлейді", - деп, ойын өрбітті Людмила Макаренко.
"Гастроль репертуарына қарап, түрлі жанрдағы қойылымдар ұсынылғанын, әртістердің орындаушылық шеберлігі сан салалы екенін көруге болады. Театрдың балет өнерін дамытуға, батыл эксперименттер жасауға ұмтылысы да құптарлық. Осының арқасында көрермен қауымның да саны артып, жалпы, еліміздің хореография өнерінің дамуына жол ашылады", - деп түйіндеді ойын, Qazaq Ballet Creative Lab арт-менеджері Тоғжан Молдәлім.
Гастрольдік сапар Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
О. Сансызбай