- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Астана Балет" театрының...
"Астана Балет" театрының Ақтөбедегі гастролі
22-23 сәуірде "Астана Балет" театры Ақтөбеге гастрольдік сапармен барды. Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының сахнасында астаналық ұжым тамаша бағдарламасын паш етті: хореограф Айнұр Әбілғазина қойған "Триумф" дивертисменті мен бразилиялық хореограф Рикардо Амарантенің A Fuego Lento бір актілі балеті. Әртістердің өнерін тамашалаған көрермен қауым ыстық ықыласы мен зор қошеметін білдірді.
"Біз көрермен жүрегіне жол іздейміз. Сол үшін жан-тәнімізді салып еңбек етеміз. Еңбегіміз еленіп, көрермен тарапынан түсініспеншілік болғанда диалог орын алады. Ақтөбедегі гастроліміз сәтті өткенін "Астана Балет" театрының бренд болып қалыптасқанымен байланыстырамын. Театрдың шығармаларына сұраныс бар, көрсетілімдерін асыға күтеді. Ең бастысы,біздің әртістеріміз, ұстаздарымыз бен әкімшілігіміз осымен тоқтап қалуға болмайтынын, жаңа белестерді бағындыру керегін түсінеді", - деді театр директоры Александр Совостьянов.
Бірінші бөлімде биік өнерді бағалаушылардың назарына театр солисті Айнұр Әбілғазинаның Петр Чайковский шығармасына қойған "Триумф" қойылымы ұсынылды. Хореографтың айтуынша, бұл қойылым нәзік әрі көтеріңкі күйді суреттейді. "Триумф" - классикалқы балет сұлулығын әспеттеп, классикалық бидің ұранына айналған туынды.
Хореография мерекесі Рикардо Амарантенің A Fuego Lento неоклассикалық балетімен аяқталды. Хореографтың қойылымдары театрдың гастрольдік бағдарламасына міндетті түрде еніп, дүниежүзінің көрермен қауымын тамсандырып келеді. Бұл - композиторлар Л.Шифрин, А.Пьяццолла, К.Гардель және С.Косуги туындыларына қойылған, көркем пластикасы көз жауын алар романтикалық фантазия. Хореографтың өзіндік пластикалық тілі нәзіктігімен, әсемдігімен, ойнақылығымен дараланып тұрады.
"Театрымыз үшін мерейтойлық маусым тың әрі қызықты шығармашылық жобаларды жүзеге асырған маусымға айналды. Премьералар, ұмытылмас гастрольдік сапарларымен есте қалды. Шығармашылық тұрғыдан театрымыз кемелдене түскені анық. Мұны көрермен қауым да, сыншылар да, жасырып-жабары жоқ, өзіміз де әлдеқашан мойындап қойдық. Ақтөбеде өткен гастроль көңілімізден шықты. Себебі, біз үшін шығармашылығымызға енжар қарамайтын көрермен қауымның ыстық ықыласы ерекше қымбат. Осының өзі бізге қанат бітіреді", - деп түйіндеді ойын "Астана Балет" театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
Гастрольдік сапар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова