"Астана Балет" театры өз көрерменін түрлі форматтармен қызықтырып келеді. 14 қазанда астаналық театр сахнасында симфониялық оркестр мен "Халық қазынасы" және "Астана сазы" ұлттық аспаптар ансамбльдерінің "Құрманғазы" атты бірлескен концерті өтеді. Ұлы композитор Құрманғазы Сағырбайұлының 205 жылдығына арналған мерейтойлық концерт Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік орталық концерт залымен бірлесе өткізіледі.
Құрманғазы - дәулескер күйші-композитор. Оның күй мұрасы қазақ мәдениетінің олжалы қазынасы. Әр күйінің өзіне тән әуезі, тарихы мен фәлсафасы бар.
Театрдың бас дирижеріАрман Оразғалиевбұл концерт елордамыздың музыкалық тыныс-тіршілігіне қан жүгіртіп, қалың көрермен көкейінен шығады деген үмітін жасырмады: "Құрманғазының біздің тарихымызда алар орны ерекше. Бұл концерт оның шығармаларын одан әрі дәріптеп, өскелең ұрпақ үшін мұрасын сақтауға септігін тигізеріне сенімдіміз. Музыка сүйер қауым үшін бұл ерекше кеш болары анық".
Ұйымдастырушылар концерт бағдарламасын ерекше ыждаһаттылықпен іріктеп, Құрманғазы күйлерінің ғаламатын барынша паш етуге тырысты. Концерт барысында Құрманғазы күйлерінің симфониялық оркестрге лайықталған нұсқалары мен ұлы композиторға арналған шығармалар орындалмақшы.
"Құрманғазы" концерті - музыка мерекесіне айналады. Еліміздің музыка мәдәниетіне зор үлес қосқан ұлы композитордың есімін дәріптеуге де септігін тигізері анық. Классикалық және халық аспаптарының үйлесімді үндестігі көрермен қауымды ерекше атмосфераға бөлеп, қалың көпшіліктің көкейінен шығатыны даусыз", - дейді Арман Оразғалиев.
Айта кетейік, 20 қазанда Республика күніне орай, "Mäñgıel" концерті өтеді. Ұйымдастырушылар ұлттық нақыштағы бағдарлама дайындап отыр: музыка өнерінің үдік шығармалары, ұлттық аспаптарда орындалған музыка, сонымен бірге, "Ұлы Дала мұрасы" дивертисментіне енген тың туындылар алғаш рет симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді.
Сонымен қатар, 4 қарашада саусағынан бал тамған скрипкашы Марат Бисенғазиевтің қатысуымен, музыкалық ұжымның "Есімдер" атты концертін өткізужоспарланып отыр.
Іс-шаралар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!