- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Астана Балет" театры...
"Астана Балет" театры Женева көрерменін тәнті етті
"Астана Балет" театрының Швейцарияға гастррольдік сапары табысты өтті. 15-17 желтоқсан аралығында, қатарынан үш күн елордалық театр әртістері Женеваның Batiment des Forces Motrices мәдени орталығында қазақстандық балет өнерін паш етті. Гастрольдік көрсетілімнің бәрі аншлагпен өтіп, көрермен қауым әртістерге тік тұрып қошеметін бірдірді.
"Өнердің мақсаты – түсінікті болу әрі көрерменнің сезіміне әсер ету. Ал көрермен залымен арада диалог орнап, әр көрерменнің жүрегінің төрінен орын алсақ, тіпті шабыттана түсеміз. Әрине, әр сапарымыздың алдында, барар елдің менталитетін, талғамын ескеріп, гастрольдік бағдарламаны соған сәйкес дайындаймыз. Осы жолғы бағдарламамыз да ауқымды әрі мазмұнды: классиканы, заманауи авторлық балет пен театрымыздың көркіне айналған "Ұлы Дала мұрасы" концерттік бағдарламасы. Бұл заманауи, неоклассикалық хореография мен фольклордың синтезі іспетті", – деді Александр Совостьянов.
Труппа алғашқы күні Жорж Бизе – Родион Щедрин музыкасына А.Алонсо қойған аңызға айналған«Кармен-сюита» балеті мен танымал әнші Карина Абдуллинаның либреттосы мен музыкасына театрдың бас балетмейстері Мукарам Абубахриева қойған "Тағдыр бұлтарыстары" мистикалық спектаклін көрсетті. Көрсетілім Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтті.
Гастрольдік сапардың соңғы күні тарту етілген, театрымызды әйгілеп тұрған "Ұлы дала мұрасы" гала-концерті қазақ биінің үздік үлгілерінен құралған халық биінің жауһары іспетті. Женева жұртшылығы ұлттық музыка, көркем бейнелер мен бірегей хореографияны ыстық ықыласпен қабыл алды.
"Балет өзім үшін өте жақын өнер. Менің ішкі әлемімнің бір бөлшегі десем де артық емес. Сондықтан болар, бүгін ерекше күй кештім. Тіпті, бір сәт оркестр отырған жерге бас сұқтым. Өйткені, дыбыстың таза шыққаны соншалық, бәлкім бұл фонограмма шығар деген ой болды. Сөйтсем, олай емес. Оркестр туындыны мінсіз орындады. Оркестрдің де, балеттің де әртістері бәрімізді тәнті етті. Оларға шығармашылық табыс тілеп, талай шыңдарды бағындыруына тілеулестігімді білдіргім келеді. Менің ойымша, жас ұжымның шығармашылығы дүниежүзі көрерменінің қызығушылығын арттыра түседі", – деді Айдар Шаяхметов.
"Женеваға сапар – ұжымымыздың кәсіби біліктілігінің жоғары екенін тағы бір мәрте паш етіп, жалпы, өнер атаулы түрлі елдер мен мәдениеттердің өкілдерін біріктіре алатын дүние екенін көрсетті", – деді театрының қоюшы-хореографы Айгүл Тәти.
Massaget.kz