28-қазанда "Астана Балет" театрының сахнасында Республика күніне арналған "Mäñgı Еl" мерекелік концерті өтеді. Астаналық ұжым ұлттық нақыштағы мазмұнды әрі қызықты бағдарлама дайындап отыр. Көрермен қауым алғаш рет "Ұлы Дала мұрасы" бағдарламасын "Астана Балет" симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен тамашалап, халық музыкасының әйгілі туындыларын тыңдай алады.
"Бұл концерттің басты ерекшелігі – ұлттық миниатюралар оркестрдің сүйемелдеуімен көрсетілмекші. Мұның өзі ерекше күйге бөлейтіні анық. Ұлттық хореографияның оркестр музыкасымен үндестігі, мәдениетімізді айшықтап тұратын ғаламат костюмдер мен декорациялар үйлесімді үндесе отырып, сахнадағы көріністі жан-тәнімен бақылауға мүмкіндік береді. Сөз жоқ, "Астана Балет"театры – ұлттық мәдениетті паш етіп, көрермен жанын тебірентетін өнер ордасы", - деп атап өтті, театр директоры Александр Совостьянов.
"Концерт атауы кездейсоқ таңдалған жоқ. Кей ғалымдардың пайымдауынша, адамзат тарихындағы ірі мемлекеттің негізін қалаған Шыңғыс хан оны"Мәңгі ел"деп атаған деседі. Кейін еуропалық және кеңестік тарихшылар "монгол" терминін қолдана бастапты.Көрермен қауым төл мәдениетіміздің бастау бұлағына үңіліп, ұлттық хореография дәстүрі мен музыкалық мұрамызбен танысса екен деген ниеттен туған бағдарлама. Осындай ұлы мұраның мирасқоры екенін ұғынса екен, деген ой жетеледі бізді", - деп атап өтті, бас дирижер Арман Оразғалиев.
Айта кетейік, көрермен қауым есекше әсер алу үшін, "Астана Балет" театры концертке бар ынтасымен дайындалып отыр. Концерттің әр нөмері ұлттық өнер мен мәдени мұрамыздың әлеміне жетелеп апаратындай етіп мұқият таңдалды. Музыка мен би үйлесімді үндестік құрады. Сөйтіп, ұлттық және классикалық аспаптардың үні сахнада қайталанбас атмосфера мен эстетиканы қалыптастырады.
"Ұлы дала мұрасы" дивертисментіндегі ғажайып хореографиялық миниатюралардың тың интерпретациясы көрермен көңілінен шығатынына кәміл сенемін. Оркестрдің орындауындағы музыка концертіміздің ажарын ашары даусыз. Оркестр үні музыка мен би әлеміне шомып, тарихымызды терең танып, сезінуге жол ашары анық", - деп түйді ойын театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!