Астана әуежайында мас жолаушы бірден үш баппен әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ІІМ мәліметінше, оқиға Астана – Алматы бағытындағы әуе рейсінің жолаушыларын тексеру кезінде болды. Алматы қаласының 38 жастағы тұрғыны масаң күйде қоғамдық орында балағат сөздер айтып, тексеру қызметі қызметкерлерінің ескертуіне құлақ аспаған.
Мән-жайды анықтау барысында ер адам билік өкілдерінің заңды талаптарын орындамаған. Алайда қарсылық танытқанына қарамастан, құқықбұзушы ұсталып, полиция бөлмесіне жеткізілді. Ұсталған адам ішімдік ішкені және қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені, құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбағаны үшін бірден үш баппен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Ұсақ бұзақылық пен бағынбау бойынша материалдар шешім шығару үшін сотқа жолданды. Дәл осы адам бұған дейін бір жыл ішінде ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын.
Айта кетейік, жыл басынан бері көліктегі полиция департаменті қызметкерлері түрлі әкімшілік құқықбұзушылықтар жасағаны үшін 26 330 құқықбұзушыны анықтап, жауапқа тартқан болатын.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!