Астана әуежайында заң бұзған жолаушы төрт бап бойынша әкімшілік жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астана әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Новосибирск-Астана бағытындағы әуе рейсінің 34 жастағы жолаушысын ұстады.
Ұшақ ұшқан кезде мас болған ер адам дөрекілік танытып, әуекомпания қызметкерлеріне балағат сөздер айтқан, бортсеріктердің ескертулеріне де құлақ аспаған. Бұған қоса, мән-жайды анықтау барысында ол тәртіп сақшыларының заңды талабына бағынбаған.
Құқықбұзушы ұсталып, полиция бөлмшесіне жеткізілді.
"Ұсталған адам ӘҚБтК-нің төрт бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды: қоғамдық орындарға мас келгені, ұсақ бұзақылық жасағаны, құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны және әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, 8 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды", - деп жазылған хабарламада.
Материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Айта кетейік, жыл басынан бері көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері түрлі әкімшілік құқықбұзушылықтар жасағаны үшін 71 283 құқықбұзушыны анықтап, жауапқа тартты.
Оның ішінде қоғамдық орындарға мас күйде келгені үшін 5624 жолаушы, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 586 жолаушы, құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін 75 адам ұсталған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз