Астана халықаралық әуежайы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталатын болды. ҚР Үкіметінің тиісті Қаулысы бүгін ресми БАҚ-та жарияланды. Қаулыға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев қол қойып, оның 20 маусымнан бастап күшіне енетінін мәлімдеген.
Астана әуежайына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы ұсынысты 2009 жылы Сенат депутаты Дархан Қалетев айтқан. "Бұл мәселені 2009 жылы қарастырған кезде әлемдегі 100-ден аса әуежайдың атауы саяси қайраткерлер, батырлар мен ұлы адамдардың есімдерімен байланысты болды. Жалпы алғанда, әуежай - ол елге кіретін әуе қақпасы. Сәйкесінше, жолаушылар әуежайға келгенде қай елге келгендерін білетін болады. Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстанды бүгінде бөлуге болмайды. Ол әлем бойынша танымал. Онымен қоса, қазіргі уақытта Нұрлы жол сияқты бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Меніңше, бұл дұрыс шешім", - деді депутат.
Депутаттың сөзінше, бұл тәжірибе батыстан алынып отыр. "Автократия (жеке адамның шексіз билігі) жайлы қандай да бір сын айтатындарға осыны еске салғым келеді. Сол кезде байқағанымыз, Америкадағы әуежайлардың жартысына дерлік біреудің есімі берілген. Еуропада да солай. Жалпы бұл идеяның авторы - "Нұр Отан" партиясы", – деп түйіндеді сөзін сенатор.