Астана әуежайының жаңа терминал құрылысы мен ұшып-қону жолағының қайта құрылу жобаларының іске асырылуы туралы ҚР Үкіметінің отырысында ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек есеп берді. Бұл туралы primeminister.kz сайты хабарлады.
Министрлік басшысының ақпараты бойынша, ағымдағы уақытта жаңа терминалдың, VIP-терминалдың, жаңа тұрақ орындарының, инженерлік инфрақұрылымның құрылыс жұмыстары, перронды қайта құру және Астана әуежайының аумағын көркейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Нұрлы жол» аясында 60,2 млрд теңгені құрайтын аталған жобаның іске асырылуы 2015 жылдың қаңтар айында басталған болатын», - деді Ж. Қасымбек.
Министрдің мәлімдеуінше, бүгінгі күні ғимараттың темірбетон және металлдан жасалған қаңқасын тұрғызу жұмыстары аяқталған; ғимарат шатырын, оның алдыңғы жағын, су құбыры желілерін, жылу, электрмен қамту және коммуникация желілерін құру жұмыстары; ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, багажды өңдеудің автоматты жүйесі жабдығының монтаж жұмыстары басталды.
«Атқарылған жұмыстардың жалпы көлемі 58%-ды құрайды. Құрылыстың толық аяқталуы 2017 жылдың наурыз айына жоспарланып отыр», - деді ҚР ИДМ басшысы.
Оның мәлімдеуінше, аталған жобаны жүзеге асыру үшін ағымдағы жылы Ұлттық қордан 10 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген, қазіргі таңда ол толық көлемде игерілген.