Қазақстандық кәсіпкерлер Астана атауы өзгеруіне байланысты миллиондаған айыппұл арқалады. Танымал ресейлік Wildberries маркетплейс жүйесінде ақау шықты. Отандық сатушылар онда өз тауарларын сатады. 500-ден аса астаналық қайда жүгіну керек екенін және әділдікке қалай қол жеткізу керек екенін білмейді, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Осы қосымша арқылы бизнесін жүргізген қазақстандықтардың айтуынша, ақпанның соңынан бастап Wildberries жарты миллион және одан да көп айыппұл сала бастаған. Ашуланған кәсіпкерлер Астанадағы қойманың алдына жиналып, не үшін кінәлі екенін білу үшін келген. Олар сайттың техникалық қолдау қызметі жауап бермейтінін, ал қарызға байланысты әрі қарай жұмыс істеу мүмкін емес екенін жеткізді.
"Wildberries есептерде басқа қоймаға жөнелтілгенін жазады. Қандай басқа қойма? Бізде ол біреу. Ешкім ештеңе білмейді. Біреуге 20 мың, біреуге миллион, біреуге 14 миллион айыппұл келді", - дейді кәсіпкер Марина Гончаренко.
Алайда қазақстандықтарды күзетші ресейлік компанияның қоймасына кіргізбеген. Күзетшінің айтуынша, басшылық әңгімелесуден бас тартқан.
"Қазақстанда бізді қорғайтын қандай да бір заң жоқ па? Үнемі "жетім балалар"сияқтымыз", - дейді кәсіпкер Зарина Тургаева.
Заңгер Шыңғыс Темір компанияның Қазақстанда ресми өкілдігі жоқ екенін айтады.
"Мәселе мынада - қойманы таңдау кезінде жүйе Нұр-Сұлтан қоймасын автомат түрде таңдаған, дегенмен Астана қоймасын таңдау қажет еді. Бұл - техникалық мәселе. Енді маркетплейс осы есептеулерді қайта қарауға дайын екені туралы ақпарат келіп жатыр. Маркетплейстің уәделеріне көптеген адам сыни тұрғыдан қарайды. Яғни, мерекелерге жақын, мерекелерден кейін ақша тіпті қайтарылмауы мүмкін", - деді ол.
Ресейдегі жергілікті БАҚ мәліметінше, компанияның тауар беру пункттері жаппай жабылып жатыр, қызметкерлер айыппұл мен жалақы бойынша қарызға байланысты ереуілге шығып жатыр. Мұны көрген қазақстандық кәсіпкерлер де алаңдап отыр.
Қазақстандық кәсіпкерлердің "Вайлдберизге" қатысты басқа да талаптары бар. Мысалы, оларға маркетплейстегі ішкі жарнама қолжетімді емес. Әсіресе, сатушылар қазақстандық тауарларды Ресейдің, Арменияның және Беларусьтің көптеген аймағының тұрғындары көре алмайтынына наразы. Айыппұл арқалағандарға сотқа жүгінуге кеңес берілді.
"Кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер, толықтырулар енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Электрон сауда шеңберінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін сауда алаңдарының қызметін реттеу бөлігі бойынша", - деді ҚР ИДМ цифрландыру департаменті директорының орынбасары Руслан Оразалиев.
Шенеуніктердің айтуынша, бұл түзетулер қоғамдық талқылаулардан өтіп, жақын арада Үкіметтің қарауына шығарылады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!