Астана аспанында тосын құбылыс байқалды: сарапшылар пікірі

Астаналықтар аспандағы "жарқыраған құбылысты" видеоға түсіріп алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кеше түнде Астана тұрғындары аспанда байқалған жұмбақ жарықты видеоға түсіріп алған. Бұл видео әлеуметтік желіде тарады.

Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында Astro Astana жобасының негізін қалаушы, әуесқой астроном Артур Гайдук видеоның шынайылығына күмәнмен қарады. Оның ойынша, бұл монтаж болуы мүмкін.

"Қазіргі жасанды интеллект пен бейнемонтаж мүмкіндіктерімен неше түрлі нәрсе жасауға болады. Өзім немесе сенімді таныстарым көрген болса, онда басқа әңгіме. Ал мұндай видеолар, әсіресе, әлеуметтік желілерде тараған болса, олардың шынайылығына онша сене бермеймін. Мұндай видеолар хайп үшін, пікір жазылу, адамдар парақшаларға жазылуы үшін жасалады. Оның үстіне мұндай нысан радарлар мен бақылау құралдарынан жасырын өте алмайды. Қаланың үстінде барлық нысан мен ұшақ жіті бақылауда", – деді Артур Гайдук.

Әуесқой астроном Мұрат Сүйеубаев та пікір білдірген.

"Бұл ғимараттардың архитектуралық жарықтандыруынан болуы мүмкін. Жарық төменгі бұлт қабатына проекцияланады", – деді ол.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!