Астана аспанында жойғыш ұшақтар ұшады

28 мамырда Астанада Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің жоспарлы іс-шаралары аясында жойғыш ұшақтардың демонстрациялық ұшуы өтеді. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі елорда тұрғындары мен қонақтарына үндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, іс-шараға дайындық аясында 24 мамырдан бастап Астана әуе кеңістігінде әскери авиацияның жаттығу ұшулары басталады.

«Жойғыш ұшақтардың ұшуы мен жаттығу шаралары қауіпсіз биіктікте өтеді және қала тіршілігіне кедергі келтірмейді. Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жаттығулар мен демонстрациялық ұшу кезінде шу деңгейінің қысқа уақытқа көтерілуіне түсіністікпен қарауды сұраймыз», – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Министрлік барлық ұшу қауіпсіздік талаптарына қатаң сай ұйымдастырылғанын және халыққа ешқандай қауіп төндірмейтінін атап өтті.

«Түрлі түсті түтін тек көрсетілім мақсатында пайдаланылады және қоршаған ортаға зиян келтірмейді», – делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, 25 ақпанда Қарағанды облысында жоспарлы оқу-жаттығу ұшуларын орындау кезінде Су-30СМ жойғыш ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Ресми мәлімет бойынша, экипаж уақытылы катапульта жасап үлгерген. Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін Қорғаныс министрлігі Ұшу қауіпсіздігі департаментінің бастығы жетекшілік ететін арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына авиация саласының бейінді мамандары енгізілді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!