Астана - Алматы тасжолында адам өліміне әкеп соққан жантүршігерлік жол апаты тіркелді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жасанды интеллект элементтері бар камераға республикалық маңызы бар Астана - Қарағанды - Алматы тасжолының 51-шақырымында болған жол апаты түсіп қалған.
Кадрдан Астана қаласы бағытында қозғалып келе жатқан Mercedes көлігі басып озу кезінде Газель көлігімен бір бағытта соқтығысқанын көруге болады.
"Соққы салдарынан Газель жүргізушісі көлікті басқара алмай, жолдан шығып кетіп, жол жиегінде аударылған. Жол апаты салдарынан бір адам қаза тапты", - деп жазылған "ҚазАвтоЖол" хабарламасында.
Құзырлы органдар оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова