Астана-Ақтау ұшағында жолаушы бортсерікке шабуыл жасаған. Сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақтау қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында ұсақ бұзақылық дерегі бойынша К.-ға қатысты әкімшілік іс қаралды(ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі).
Сотта не анықталды?
Сот мәліметінше, К. 20 сәуірде сағат 00:10 шамасында Ақтау әуежайында, ұшақ бортында қоғамдық тәртіпті бұзып, ұшақтың бортсерігімен жанжалдасып, ұсақ бұзақылық жасаған.
Сот отырысында К. кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін және оның асырауында 5 баласы барын ескеріп, айыппұл түріндегі жаза тағайындауды сұраған.
Дәлелдер
К.-ның кінәсі өзінің және жәбірленушінің түсініктемелерімен, полиция инспекторының баяндамасымен, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен және өзге де іс материалдарымен толық дәлелденген.
Сот үкімі
Сот жаза қолданғанда жеңілдететін мән-жай ретінде кінәсін мойындауын, шын жүректен өкінуін және оның асырауында бес баласы барын ескерген, ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Сот қаулысымен К. ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 55 048 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл тағайындалды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейінгі жағдай
Еске салайық, бұған дейін полицейлер Scat әуекомпаниясының Астана – Ақтау бағыты бойынша рейсінде бортсерікке шабуыл жасаған жолаушыны ұстады.
Жолаушы мен бортсерік арасындағы жанжал 20 сәуірде сағат 00:05-те ұшақ Ақтауға қонғаннан кейін басталған. Жолаушылардың бірінің айтуынша, жанжалды бастаған адам ұшақ салонында ұялы телефонын ұмытып кеткен.
Бортқа қайта кіруге әрекет жасаған жолаушыны бортсерік тоқтатып, ұшақтан әлі адамдар шығып жатқандықтан, сәл күте тұруын сұраған. Телефон иесі ескертуге құлақ аспай, ішке кіруге әрекет жасай берген соң, бортсерік оны өзі барып әкеліп беретінін айтқан. Алайда жолаушы әуекомпания қызметкеріне жармасып, оның бетінен соққан.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова