Астана-Ақтау ұшағында бортсерікке шабуыл жасаған жолаушы ұсталды

Астана-Ақтау ұшағында бортсерікке шабуыл жасаған жолаушы ұсталды
Фото: Видео кадры

Полицейлер Scat әуекомпаниясының Астана – Ақтау бағыты бойынша рейсінде бортсерікке шабуыл жасаған жолаушыны ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бұл дерек Маңғыстау станциясындағы желілік полиция бөліміне тіркелді. Құқықбұзушы ұсталды. Тексеріс жүргізіліп жатыр. Тексеріс нәтижесі бойынша оқиғаға қатысушылардың бәріне құқықтық баға беріледі", – деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, жолаушы мен бортсерік арасындағы жанжал 20 сәуірде сағат 00:05-те ұшақ Ақтауға қонғаннан кейін басталған. Жолаушылардың бірінің айтуынша, жанжалды бастаған адам ұшақ салонында ұялы телефонын ұмытып кеткен.

Бортқа қайта кіруге әрекет жасаған жолаушыны бортсерік тоқтатып, ұшақтан әлі адамдар шығып жатқандықтан, сәл күте тұруын сұраған. Телефон иесі ескертуге құлақ аспай, ішке кіруге әрекет жасай берген соң, бортсерік оны өзі барып әкеліп беретінін айтқан. Алайда жолаушы әуекомпания қызметкеріне жармасып, оның бетінен соққан.

Полиция келгенде шабуылдаушыны қарсы алуға келген туысы да жанжалға кіріскен. Екеуі де өз кінәсін мойындамай, қарсыласқанымен, куәгерлер оқиға қалай болғанын растаған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget