- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астана әкімдігі тұрғын...
Астана әкімдігі тұрғын үй құрылысына 11,3 млрд теңге жұмсамақ
Мемлекеттік сатып алу порталында Астана қаласының құрылыс басқармасы көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысына ашық конкурс өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әкімдік тұрғын үйді Алматы ауданындағы А91, А90 көшелерінің қиылысында салуды жоспарлап отыр. Көпқабатты кешенде паркинг салу да қарастырылған.
Тапсырыс беруші конкурсқа қатысушыларға қойған талабында жұмыс тәжірибесі, қаржылық тұрақтылық пен салықтық түсімдердің болуын міндеттейді.
Елорда жастары үшін 1050 пәтер сатып алынды
Елорданың құрылыс басқармасы бұған дейін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін жастарға 1050 пәтер сатып алған.
Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 322 пәтер берілген. Бұған қоса осы санатқа жататын тұрғындарға 1500 пәтер сатып алуға тағы да қаражат бөліп отыр.
Бұдан басқа ауданы 148 мың шаршы метр болатын 2 632 пәтерге арналған 8 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 7 кешен кредиттік тұрғын үй шеңберінде, ал бір кешен жалға берілетін тұрғын үй шеңберінде қолданысқа берілмек.
39 азамат тұрғын үй шартын бұзды
Астана қаласы әкімдігінің бюджеті есебінен салынған тұрғын үйлердің барлығы Коммуналдық тұрғын үй қорына кіреді. Сондықтан бұл пәтерлерде нақты баспанаға мұқтаж адамдардың тұрған, тұрмағанын анықтау аса маңызды. Тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, қолданысқа берілген пәтерлерді тексеру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп отырады. Биыл жыл басынан бері әкімдіктен тегін үй алған тұрғындардың ішінде келісімшартты бұзғандар саны - 39. Олар шартта көрсетілмеген өзге адамдарға алған пәтерлерін бергені анықталып отыр.
"Сатып алу құқығынсыз 1 жалға алушы тұрғын үйді өз еркімен босатты, 4 жалға алушы тұрғын үйлерін жақын арада босатады, қалған азаматтар бойынша аталған фактіге сәйкес тексеру жұмыстары жалғасуда", - дейді Тұрғын үй инспекциясының басқармасы.
Бөтен адамның тұрғын үйде тұру фактісі анықталған жағдайда алдымен ескертпе ретінде хабарлама жіберіледі. Ал жалға алушы аталған талаптарды орындамаған жағдайда, отбасы мүшелерін пәтерден шығару сот тәртібімен жүзеге асады.
Әкімдік берген пәтерде тұрудың талабы қандай?
Белгілі болғандай, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалдау шартының талаптары мынадай:
Біріншіден, тұрғын үйді мақсатқа сай пайдалану.
Екіншіден, пәтерді техникалық және санитарлық талаптарды сақтай отырып ұстау.
Үшіншіден, тұрғын үйді шартта көрсетілмеген тұлғаларға бермеу.
Төртінші, жалға берушінің жазбаша келісімінсіз шартта көрсетілмеген адамдарды тұрғын үйге кіргізбеу.
Бесінші, шарттың талаптарына сәйкес коммуналдық қызметтер үшін төлемақыны уақытылы төлеу қажет.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
E. Aitkazina