Астана әкімдігі маңызды медициналық орталыққа ғимарат салуға жер таппай жатыр

Астана әкімдігі маңызды медициналық орталыққа ғимарат салуға жер таппай жатыр

Астанада академик Н.Бәтпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығына жаңа ғимарат салу үшін жер телімі табылмай жатыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шенеуніктің сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта аталған орталықтың базасында 385 төсек-орынға арналған 14 клиникалық бөлімше жұмыс істеп тұр.

Сонымен қатар буындарды эндопротездеу, артроскопия және спорттық жарақаттар, омыртқа патологиясы бойынша 3 республикалық орталық ашылған. 1971 жылы салынған бұл нысанның ғимаратының жалпы ауданы 24 356 шаршы метрді құрайды, әрі тозығы жеткен.

Қазіргі заманғы стандарттарға да, санитарлық ережелер мен нормалар талаптарына да сай келмейді.

"Бүгінде Денсаулық сақтау министрі Астана қаласының әкімдігімен нысан құрылысына жер учаскесін бөлу мәселесін пысықтап жатыр. Өтйкені, бұған дейін нысан құрылысына бөлінген жер учаскесі елорданың «жасыл белдеуінде» жатқандықтан, беру мүмкін болмады. Астана қаласының әкімдігі Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының жаңа ғимаратын салу үшін 5 жер учаскесін ұсынды. Бірақ, ұсынылған жер учаскелерінде инженерлік коммуникация жоқ, орналасқан тұстары да ыңғайсыз. Аумақтары да жеткілікті емес. Бұл жайт алдағы уақытта жобаны жүзеге асыруда қиындық тудырады", - деді Алтай Көлгінов.

Вице-премьердің сөзінше, нысан салуға арналған жер учаскесі анықталғаннан кейін заңмен белгіленген тәртіппен жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді.

2024-2026 жылдарға арналған респубилкалық бюджетті қалыптастыру аясында аталған мәселені одан әрі қарау үшін мемлекеттік сараптама жүргізіледі.

"Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігіне Қаржы, Ұлттық экономика министрліктерімен және Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп, академик Н.Бәтпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының жаңа ғимараты құрылысы бойынша жұмысты жеделдету тапсырылды", - деді ол.

Айта кетейік, орталықтың мәселесін Мәжілістің соңғы отырыстарының бірінде экс-депутат Зарина Камасова да көтерген.


"Бүгінгі таңда Қазақстан халқына жоғары мамандандырылған медициналық көмек академик Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығында көрсетіледі. 2021 жылы мұнда 11 241 науқас емделіп, 8000-нан астам ота жасалды. Орталық жұмысының барлық кезеңінде еліміздің барлық өңірінен тірек-қимыл аппаратының жарақаттары мен аурулары бар 200 мыңнан астам науқасқа медициналық көмек көрсетілді", - деген болатын ол.

Халық қалаулысы медициналық мекеменің проблемаларын жеткізді. Атап айтқанда, ескірген инфрақұрылым мен коммуникациялар, медициналық және технологиялық жабдықтардың тозуы, емдеу және оқу алаңдарының жетіспеушілігі, бір науқасқа шаққандағы орынның тапшылығы шешілер емес. Мұның бәрі тірек-қимыл аппаратының жарақаттары мен түрлі ауруы бар науқастарға көмек көрсету сапасына айтарлықтай нұқсан келтіреді.

"Палаталардың аумағына қатысты аурухана төсектерінің саны нормативтен екі есе артық! Қажетті алаңдар мен жабдықтардың болмауы науқастарға толық көлемде көмек көрсетуге мүмкіндік бермейді. Жаңа емдеу корпусын салу мәселесі ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келеді. Ел Президенті 2019 жылғы қарашада Травматология және ортопедия ҒЗИ-ға сапары барысында Үкіметке күрделі жөндеу жүргізу және жаңа корпустар салу мәселесін шешуді тапсырған болатын. Алайда Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы әлі күнге дейін орындалған жоқ. Бұл нысанның құрылысы уақытында басталмауы науқастарға дер кезінде медициналық көмек көрсетілмеуіне, ондаған мың отандасымыздың толыққанды өмір сүруіне кедергі келтіріп отыр", - деген-ді экс-депутат.

Азамат Қойшығара

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы