Астана әкімі үстел теннисі федерациясының президенті болып сайланды

Қазақстан Республикасының Үстел теннисі федерациясының кезектен тыс конференциясында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек ұйымның президенті болып сайланды, деп хабарлайды Massaget.kz. 

Бұл шешім қазақстандық үстел теннисінің белсенді даму кезеңінде және Астанада өтетін маңызды халықаралық спорттық оқиғалардың бірі — ITTF World Table Tennis Championships Finals 2027 әлем чемпионатына дайындық барысында қабылданды. Жаңа президенттің басшылығымен Федерация ағымдағы бастамаларды іске асыруды жалғастырады, - деп хабарлады ұйымның баспасөз қызметі. 

Ұйым алдағы уақытта Қазақстанда үстел теннисін дамытуды, спортшылардың дайындығына жағдай жасауды және елдің халықаралық спорт қауымдастығындағы орнын нығайтуды көздеп отыр.

Бұған дейін Қазақстанның Үстел теннисі федерациясын кәсіпкер Данияр Әбілғазин басқарған. Ол бұл қызметті 2018 жылдан бері атқарып келген еді.

Айта кетейік, 2027 жылғы 22 мамыр мен 30 мамыр аралығында Астанада үстел теннисінен "ITTF World Table Tennis Championships Finals Astana 2027" әлем чемпионаты өтеді. Бұл – Орталық Азия тарихында алғаш рет ұйымдастырылатын үстел теннисінен әлем чемпионаты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!