Бүгін Астанада «Біз – таза қала үшін» жалпы қалалық сенбілігі өтіп жатыр. Бұл игі іс-шарадан Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков те сырт қалмай, елорданы тазартуға өз үлесін қосты, - деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Әділбек Жақсыбеков Әзірет Сұлтан мешіті жанында өтіп жатқан сенбілікке қатысты. Қала басшысының пікірінше, елорданың тазалығын сақтау әрбір тұрғынның өмір сүру дағдысына айналуы керек.
«Сенбілікке Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бизнесмендер де қатысып жатыр. Қаланы аралап көрдім, барлығы сенбілікке белсенді қатысып жатыр, бәрінің көңіл-күйі жақсы. Әрине, күнде қаланы коммуналдық қызмет тазартады, біз оны бақылаймыз. Президент те үнемі бақылауда ұстайды, тиісті тапсырма береді. Бірақ, осындай шаралар бізге тәрбие үшін керек. Әр адам сенбілікке қатысып, елмен бірге жұмыс істесе, ертең қалада тазалықты сақтауға тырысады. Сүйікті елордамызды осылай таза ұстауымыз керек. Сондықтан барша адамға шын жүректен ризашылығымды білдіремін», - деді Әділбек Жақсыбеков тілшілерге берген сұхбатында.
Сенбілікке 100 мыңға жуық адам қатысып жатыр. Қаланы тазартуға 450-ден астам техника жұмылдырылған.
Сенбілікте астаналықтар тал, үйеңкі, қарағай, шырша, терек секілді 4 мыңға жуық ағаш отырғызды. Бұдан бөлек, мектеп, балабақша, медициналық мекемелердің аумағында 3 мыңнан астам көшет егілді.
Шара аясында студенттер, волонтерлер мен әскерилердің қатысуымен Есіл, Ақбұлақ, Сарыбұлақ өзендерінің арнасы мен жағасын қоқыс пен тұрмыстық қалдықтардан тазарту бойынша экологиялық акциялар өткізілді.