Астанада Есіл ауданының тұрғындары қала әкімінен Onyx Comfort тұрғын үй кешенінің аяқталмаған құрылысына байланысты көмек сұрады. Бұл кешен 2022 жылы пайдалануға берілуі керек еді. Астана әкімі Жеңіс Қасымбек құқық қорғау органдарына бұл істі соңына дейін жеткізуді тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әкіммен кездесуде тұрғындар тұрғын үй құрылысы 2020 жылы басталғанын, бірақ содан бері оның пайдалануға берілу мерзімі бірнеше рет шегерілгенін айтты.
"Үлескерлердің басым бөлігі пәтер ақшасын төлеп қойған. Бізді құрылыс нысанына кіргізбейді, тек сырттан көре аламыз. Кейбір тұрғындар пәтеріне бір-ақ рет кірген, онда ескі терезелер орнатылғанын көрген", - деді Хансұлу Кенжебаева.
Кездесуге құрылыс компаниясының өкілі Ерболат Әубәкіров те қатысты. Ол нысан 2025 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға берілетінін мәлімдеді. Бірақ бұл сөздер үлескерлердің наразылығын туғызды, себебі ол тұрғындардың ешқайсы тікелей өзіне шағымданбағанын айтты.
Құрылысшының жауабы Астана әкімін де қанағаттандырмады. Жеңіс Қасымбек жағдайға қатаң жауап беріп, қылмыстық жауапкершілік барын ескертті.
"Мен сіздерге ескертемін. Бұрын да осылай сенімді жүргендер көп болды. Олар қазір қайда? Көптеген құрылыс нысаны бойынша сондай азаматтар қазір сотта жауап беріп немесе жазасын өтеп жатыр. Егер сіздер де халықты алдауды жалғастырсаңыздар, бұл іс солай аяқталады. Нысан сіздерден алынып, қылмыстық жауапкершілікке тартыласыздар. Мұнда құқық қорғау органдарының басшылары отыр. Мен бұл істі жеке бақылауыма аламын. Прокуратура мен полициядан бұл істі соңына дейін жеткізуді сұраймын. Олар құрылыс жұмыстарын аяқтай ма, аяқтамай ма – бірақ осынша елді алдағаны үшін бұл адамдарды, әсіресе, осы тұлғаны қылмыстық жауапкершілікке тарту керек", - деді Жеңіс Қасымбек.
Әкім үлескердерді құрылыс компаниясын сотқа беруге шақырды. Мемлекет есебінен құрылысты аяқтау жоспарланбаған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова