Астана әкімі Жеңіс Қасымбек құрылыс компанияларына қойылатын талаптарды айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қаланың дамуында маңызды аспект - құрылыс компанияларының тұрғын үйлерді сапалы әрі заңды салуы. Дегенмен оны бәрі бірдей ұстана бермейді. Мәселен былтыр 431 жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, 600-ге жуық заң бұзылғаны анықталды. Алты компания құрылыс лицензиясынан айырылды, сол сияқты заң мен құрылыс нормаларын бұзғаны үшін 180-нен аса талап-арыз сотқа жолданды. Жерге қатысты тиісті құжат алмай құрылысы басталған төрт нысан сот шешімімен бұзылды", - деді ол.
Әкімнің сөзінше, бұл жұмыстың барлығы биыл да жалғасып жатыр. Жеңіс Қасымбек бірқатар талапты атады:
"Заң бұзылған жағдайда құрылыс компаниялары жауапкершілікке тартылады, оның ішінде айыппұл салу, қызметін тоқтату және заңсыз салынған нысандарды бұзу мәселелері қарастырылған", - деді Жеңіс Қасымбек.
Еске салайық, бұған дейін Астанада Есіл ауданының тұрғындары қала әкімінен Onyx Comfort тұрғын үй кешенінің аяқталмаған құрылысына байланысты көмек сұрады. Бұл кешен 2022 жылы пайдалануға берілуі керек еді.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек құқық қорғау органдарына бұл істі соңына дейін жеткізуді тапсырды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!