- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астана әкімі жаңбыр...
Астана әкімі жаңбыр суын ағызу жүйелері туралы пікір білдірді
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қалада жиі көтерілетін су басу мәселесі мен жаңбыр суын ағызу жүйелерінің жұмысына қатысты пікірін білдірді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қала өсіп, дамып келеді. Жаңа аудандар мен шағынаудандар пайда болуда. Соңғы рет су ағызу жүйесіне қатысты проблемалар тамыз айында орын алды. Өздеріңіз білетіндей, сол кезде жауын-шашын көп болып, аномальды көлемдегі жаңбыр жауды. Кейін тамыздың соңында және қыркүйекте де жаңбыр болды, бірақ сол уақытта су ағызу жүйесі өз міндетін ойдағыдай атқарды", – деді Қасымбек Нұра ауданындағы тұрғындармен кездесу барысында.
Әкімнің сөзінше, Астанада екі проблемалы учаске бар.
"Тұран даңғылы бойы, Ұлы Дала көшесінен бастап, Керей мен Жәнібек хандар көшелеріне дейінгі аумақ проблемалы болған. Бұл мәселенің бір бөлігін шешу үшін коллектор салынды. Сонымен қатар екі тазарту станциясын күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл қолданыстағы кәріз жүйесі ауқымды түрде тазартылды. Сондықтан бұл учаскеде болашақта мұндай жағдайлар қайталанбауы тиіс деп болжап отырмыз. Қонаев – Мәңгілік ел ауданында да бұл мәселе кезең-кезеңімен туындап отырды, сондай-ақ Мәңгілік ел аркасы маңында да. Ол жерлерде қосымша жұмыстар атқарылды. Қала қарқынды дамып келеді, тек Нұра ауданында биылдың өзінде 120-дан астам тұрғын үй нысаны салынып жатыр", – деп атап өтті әкім.
Әкім жаңа нысандардың құрылыс мәселесіне әсер ететінін нақтылады.
"Біз жаңа құрылыстарға рұқсат беруді едәуір қысқарттық. Дегенмен қазіргі таңда басталған құрылыс көлемі 10 миллион шаршы метрден асып отыр. Қалада құрылыс жалғасатыны сөзсіз, мүмкін, қарқыны өзгеше болар. Алайда жаппай құрылыс жүріп жатқан аймақтарда кезең-кезеңімен кейбір жергілікті мәселелер туындауы мүмкін, олар да өз кезегінде шешілетін болады", – деп сендірді Жеңіс Қасымбек.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Бақдаулет