Астана әкімі жаңа тартымды орындар туралы айтты

Астана әкімі жаңа тартымды орындар туралы айтты
Фото: Астана қаласы ІСБ

Биыл Астанада 165-тен астам аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Абаттандыру жұмысы елорданың барлық ауданында жүргізілді. ОКҚ алаңында өткен брифингте Жеңіс Қасымбек тартымды орындар қай жерлерде ашылғаны туралы айтты.

«Биыл елорданы көріктендіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Қ.Мұнайтпасов, Бейбітшілік, «Амман» және «Абылайхан» көпірлерінің астында жаяу жүргіншілер өткелдері ашылды. Олар Ақбұлақ өзенінің бойындағы саябақтар кластерін өзара байланыстырды. Орталық жағалаудың тарихи көшелері жаңартылды, «Журналистер аллеясы», Салтанат қақпасының жанындағы гүлзар және т.б. абаттандырылды. Көгалдандыру жұмысы да назардан тыс қалмады. Биыл миллионға жуық жасыл желек отырғызылды, олардың бір бөлігі қаланың жасыл белдеуіне егілді», - деді Астана әкімі Жеңіс Қасымбек.

Астана әкімі бұрын көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің құрылысы жоспарланған 9 орында гүлзарлар мен қоғамдық кеңістіктер ашылатынын атап өтті.

Мысалы, Айтматов-Сығанақ көшесінің қиылысындағы учаскеде 12 қабатты көпфункционалды кешеннің орнына гүлзар салынды. Р. Бағланова көшесі мен Тұран даңғылының қиылысында жеке құрылыс салушы тұрғын үй кешенін салуды жоспарлаған болатын. Нәтижесінде инвестормен бірлесіп, осы учаскеде қоғамдық кеңістік салынды.

Күмісбеков көшесі, 7/1 мекенжайында орналасқан ескі гараждардың орнына қала тұрғындарының демалысы үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз орын салынды. Көктөбе тұйық көшесі, 5 мекенжайында бос жердің орнына қазір спорттық-ойын аймағы бой көтерді.

Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы ұсынған материал

Massaget.kz