Қазақстан халқы Ассамблеясы Петропавлдағы даулы видеоға қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ассамблея "Народный Совет г.Петропавловск" деп аталатын ұйымның атынан шыққан бір топ адамдардың арандатушылық мәлімдемесін қатаң түрде айыптады.
"Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығының мызғымастығын және оған ішкі және халықаралық заңнамаммен кепілдік берілгенін мәлімдейміз. Бұл әрекеттерді мемлекетіміздің конституциялық негіздеріне, қауіпсіздігіне, бірлігі мен тұрақтылығына қарсы бағытталған ел мүддесіне жасалған опасыздық деп бағалаймыз. Біз біртұтас халық ретінде қазақстандық қоғамда ешкімнің араздық пен сенімсіздік таратуына жол бермейміз!", - делінген мәлімдемеде.
Ассамблея мұндай арандатушылықтарды "аса жауапсыздықтың көрінісі" деп атады және құзырлы органдар тарапынан қатаң түрде тыйылып, кінәлілер сот тәртібімен заң аясында жазалануға тиіс екенін айтты.
"Қазақстан халқы Ассамблеясы азаматтарды мұндай әрекеттерге бой алдырмауға және мызғымас бірлігіміз бен қоғамдық келісіміміздің негізі – халқымызға тән даналықты, төзімділікті, сенім мен өзара сыйластықты сақтауға шақырады. Қазақстан – біздің ортақ шаңырағымыз және біз қай жерде болсақ та сүйікті Отанымыздың өкілдеріміз, ал халықаралық қауымдастық бізді біртұтас әрі қуатты ұлт ретінде таниды. Біз әртүрліміз, бірақ бірлігіміз әралуандылықта. Бұл қағидадан біз ешқашан ауытқымаймыз", - делінген мәлімдемеде.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде кейбір "белсенділер" Қазақ КСР-нің 1937 жылғы Конституциясы негізінде "Жұмысшылардың халық кеңесі" құрылғанын жариялағаны туралы видеолар мен хабарламалар пайда болды. Сонымен қатар видеода жиналғандар Қазақстан Республикасын "корпорация" деп атап, түрлі қастандық теорияларын алға тартады.
Бас прокуратура Қылмыстық кодекстің 180-бабының 2-бөлігімен (БАҚ пайдалана отырып адамадар тобымен сепаратизмді насихаттау) соталды тергеп-тексеру бастады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!