Орал қаласындағы "Атамекен" өнер ордасында "Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму" атты БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясы өтті. Сессияға жиналғандар мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі, өңірдегі кітапханалар жұмысын жандандыру, ұлттық мәдениет, мұқтаж жандарға қайырымдылық жасау жөніндегі істеліп жатқан жұмыстарды саралап, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
БҚО ҚХА "Тіл мұра" қоғамдық бірлестігі төрайымының орынбасары Ирина Суетина өзге этностардың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесіне тоқталды.
"Облысымызда "Жастар рухы" қозғалысының ұйымдастыруымен "Сөйле" клубтары, "Үйде сөйлеу" жобасы, тегін курстар жұмыс істеуде. Махамбет Амантайұлының бастамасымен "Тіл мұра" қоғамдық бірлестігі мемлекеттік тілді қызықты, тиімді тәсілмен үйрету бойынша ауторлық бағдарлама дайындауда. Әдістемеміз өскелең ұрпаққа (тіл, өнер, әдебиет, фольклор) таныстыра отырып, патриоттық сезімін оятуға бағытталған. Курсымыздың ерекшелігі - бала ата-анасымен бірге отырып ойнап, тілді меңгереді. Басты құралдарымыз ретінде психикаға кері әсер ететін шетелдік Хаги-Ваги, қылықтары біртүрлі Рапунцель сықылды кейіпкерлердің орнына қолына найзасын ұстаған батырларды, мың бұрала билеген қолаң шашты Алтыншаш (Алтыншаш - сәукелесін киіп, шолпысын таққан қуыршақ) атты кейіпкерлермен айшықталған мультфильмді балалар назарына ұсыну жоспарымызда бар", - деп атап өтті Ирина Суетина.
2022 жылы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының медиаторлары 127 медиативті келісім жасап, 156 кеңес берген. Сондай-ақ Ассамблея мүшелері мұқтаж жандарға, көпбалалы аналарға қол ұшын созып, қайырымдылық жасап жүр. Соңғы үш жылда Ассамблея әртүрлі осал топтарға, соның ішінде аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне және жалғызбасты аналарға қолдау көрсетуде маңызды рөл атқарды.
400 миллион теңгеден астам сомаға көрсетілген көмек олардың қиындықтарын жеңілдетіп қана қоймай, Ассамблеяның мұқтаж адамдардың өмірін жақсартуға деген құлшынысын көрсетті. Сонымен қатар демеушілердің арқасында 12 мұқтаж отбасы 10 пәтер және 2 үймен қамтылған. "Ассамблея жастары" республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстағы өкілі Эльгун Джаналиевтің айтуынша, 2022 жылдың басынан бастап бүгінге дейін аға буынмен бірге жалпы сомасы 215 млн 153 мың 980 теңге көлемінде 7815 адамды қамтыған 126 қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылған. Көмекке зәру адамдарға қол ұшын созу жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Сессияда сөз алған облыс әкімі Нариман Төреғалиев облыстық Ассамблея - ел бірлігін нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым екендігін атап өтті.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың "Әділетті Қазақстан - Адал азамат" атты екінші отырысында Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады" деді. Отанға, отбасына адалдық-парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Ассамблея қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырып отыр. Онда еңбек етіп жүрген азаматтарды бірліктің елшісі деуге болады. Өңірде тұратын 80-нен астам этнос өкілдері "Адал азамат" атағына лайық деп санаймын", - деді облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы.
Сессия жұмысы барысында өңір басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту бағытындағы тапсырмасын орындау аясында облыс орталығында жаңа спорт аренасын ашу, өңірде әскери-патриоттық орталық ашу, Қазақ хандығы карталарын өңіріміздегі мектептерге алу бойынша ұсыныстар түсіру жөнінде бірқатар басқармаларға тапсырма берді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!