Қырғыз милициясы аптаппен күресудің ерекше жолын тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Бішкек қалалық Ішкі істер бас басқармасының (ІІББ) ресми парақшаларында видео жарияланды. Онда митингке шыққандарды таратуға арналған суатқыштар жолдарды ғана емес тұрғындарды да салқындатуға қолданылғаны түсірілген. Кадрларда тасжол мен жасыл желекке су шашып жүрген техникалар көрінеді.
ІІББ баспасөз қызметі мәліметінше, бұл бастама қала тұрғындары мен Бішкек қонақтарының арасында тек жағымды эмоция тудырған.
"Суатқыш техника, әсіресе, балаларға ерекше ұнады. Жасанды жаңбырға қуанған балалар айналада жүгіріп, асыр салды", - деді Бішкек қалалық ІІББ баспасөз қызметінің жетекшісі Ұлан Жұмақов.
Қырғызстандағы аптапқа байланысты суатқыштар қолданылып жатыр. Ауа температурасы бірнеше өңірде 42 градусқа жеткен. Метеорологиялық бақылау тарихында шілдедегі ең ыстық күн 27-сі болды.