Қытайда қазақтың ұлттық киімін киіп жүрген жұп Желі қолданушыларын тәнті етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл - Қытайда қазақтың ұлттық киімі мен көк туы бейнеленген киім киген Ақерке Құдайбергенова есімді блогер мен оның күйеуі Ербол.
"Бірнеше ай бұрын Қытайға келгенімде біздің ұлттық киімді киіп, видео түсіріп жүрген жігітті көрдім, барлығымыз ол жігітті қазақ деп ойлап жүрсек қытайлық екен. Бүкіл ұлттың киімін киіп, видео түсіреді екен. Сонымен неге нақышын келтіріп қазақтың батыры мен аруының нағыз бейнесін көрсетпеске деп ойландым. Қалыңдық көйлегін аққу секілді етіп тігіп шықтық. Батырдың киімін табу қиын болды, табуын таптық, кеденнен 3 рет тоқтатып, 1 сағаттай тексерісте болып, жауынгердің киімін әрең алып өттік. Бірақ мұндай реакция болады деп күтпедік. Қонақүйден шыққан бойдан 100-ден аса адам жүгіріп келіп, қоршап алды. Таласып фотоға түсіп, "Қай ұлт ? Әдемі екен" деп тамсанып жатты. Қазақтың жігіттері осындай ірі болама деп таңғалды. Түріктер артымыздан "Ертұғырыл" деп айқайлап жүрді, аяғында адам саны өте көп болып, жүре алмай қалдық. Видео түсіріп жүрген көмекшілерімізді таптап кетуге сәл қалды. Патриоттық сезіміміз оянып, денеміз түршігіп, Ербол екеуміз "Қазақпыз! Қазақстаннанбыз" деп сұраған жанның барлығына мақтанып, марқайып күшті сезімде болдық, сөзбен айып жеткізе алмаймын", - дейді блогер.
Сондай-ақ, жұптың қазақтың көк туы бейнеленген киім киіп жүрген видеосы тарады. Ол әлеуметтік желіде 14 мыңнан аса лайк пен 400-ге жуық пікір жинаған.
Желі қолданушылары мұндай образға тәнті болып, пікір қалдырған.
"Керемет. Қытайлықтар аузын ашқан болар. Жігіт нар тұлғалы, нағыз батыр екен. Қызымыз да сұлу, сымбатты", "Өте дұрыс, өзімізді осылай көсетуіміз керек, қазақтар, мықты халықпыз", "Рухты да көтереді, біздің қазақ", "Керемет көрініс, көк туымыз желбірей берсін. Бақытты болыңдар жарайсыңдар", - деп жазған олар.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз