Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі 15 сәуірден бері қарулы қақтығыс басылмай жатқан Суданнан эвакуацияланған ел азаматтарының саны туралы мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Судандағы қарулы қақтығыстың күшеюіне байланысты Мысырдағы және Эфиопиядағы елшіліктеріміз, сондай-ақ Джиддадағы бас консулдық Қазақстан азаматтарын эвакуациялау мәселемен айналысып жатыр.
Бастапқыда ол жақтағы Қазақстанның үш азаматы ғана белгілі болған. Кейін ақпарат БАҚ-та жарияланғаннан кейін Судан аумағындағы тағы 14 азаматымыз министрлікке жүгінді", - деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан елшіліктерінің есебіне сәйкес, қақтығыс өршігенге дейін Суданда барлығы Қазақстанның 17 азаматы болған.
"Олардың көпшілігі Суданға жеке тау-кен компаниясында жұмыс істеу үшін келген. Бүгінде Суданда орналасқан Ресей, Түркияның Эфиопия, Иордания елшіліктерінің көмегімен, Қазақстанның алты азаматы эвакуацияланды", - деді ол.
Смадияров азаматтардың Иордания, Сауд Арабиясы, Жидда және Эфиопияға жеткізілгенін айтты.
"ЮНИСЕФ қызметкері болып істейтін Қазақстанның бір азаматы Иорданиядағы ЮНИСЕФ кампусына орналастырылды, тағы бір отандасымыз өз өтініші бойынша Әмірліктерде қалуды ұйғарды. Біздің төрт отандасымыз Қазақстанға келді. 17 азаматтың алтауы Суданнан тыс жерлерге кетті. Біздің қалған 11 азамат өз қалауы бойынша Суданда қалды. Оның 10-ы-тау-кен өндіруші жеке компанияның қызметкерлері. Бір азамат - "Шекарасыз дәрігерлер" ұйымының қызметкері. Ол сонда қалуды шешті, біз де онымен байланыстамыз", - деді Смадияров.
Сыртқы істер министрлігінің өкілі Суданда Қазақстанның елшілігі болмағандықтан, азаматтар шетелдік елшіліктердің көмегімен жүзеге асырылатынын айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!