Германия әлі де Украинаға әскери көмек көрсетуді жалғастырып жатыр. Сондай-ақ, ХВҚ өкілі Ресей экономикасына қатысты мәлімдеме жасады. Украинадағы ахуал қандай? Massaget.kz тілшісі шолу жасады.
Украинаның мемлекеттік мұнай-газ компаниясы дефолтқа ұшырайды
Украинаның мемлекеттік мұнай-газ компаниясы "Нафтогаз" мәлімдемесіне сәйкес, халықаралық облигация бойынша дефолт (қарыз алушының қарызын төлеуге қабілетсіз болуы - еск.) болуы мүмкін екен. Бұл - қақтығыс басталғаннан бері халықаралық облигация бойынша төлемді жеңілдік кезеңі аяқталғанға дейін төлей алмаған бірінші мемлекеттік ұйым.
"Нафтогаз" еурооблигацияларды өтеу бойынша, сондай-ақ, биылғы пайыздық төлемдер бойынша дефолт жариялады. Компания өкілі үкімет несие берушілерге төлем беруді мақұлдау және дефолттан арылу туралы өтініштерін қабылдамағанын мәлімдеді.
Германия Украинаға қандай көмек көрсетіп жатыр?
Германияның қорғаныс министрі Кристиан Ламбрехт Украинаға "Марс II" және 3 гаубицаның реактив жүйелерін жеткізгенін айтты. Ламбрехт бұл мәлімдемені Германиядан Украинаға Gepard зенит қондырғыларының алғашқы партиясы келгеніне бір күн өткен соң жасады. Бірінші партияда 5 Gepard танкі болды. Берлин тарапы 30 жеткізуге уәде берген. Ламбрехт Украинаға Германия қарулы күштерінен 60 мыңға жуық оқ-дәрі жіберілетінін айтты.
Ресей газына қатысты жағдай қандай?
Еуропа Одағы мүшелері Ресей жеткізуді тоқтатқан жағдайда газ тұтынуды азайтуға келісті, бірақ кейбір елдер үшін ерекше жағдай жасалады. ЕО мүшелері тамыз бен наурыз аралығында газ тұтынуды 15 пайызға азайтуға келісті.
Ресей ХҒС жобасынан 2024 жылдан кейін шығады
Ресей Халықаралық ғарыш станциясы жобасынан 2024 жылдан кейін шығады. Бұл туралы Роскосмос басшысы Юрий Борисов мәлімдеді. Оның айтуынша, ХҒС-та жұмыс істеудің орнына Ресей ұлттық орбиталық станция құруға назар аударады.
"Менің ойымша, бұл кезде ресейлік орбиталық станция құра бастаймыз. Сала күрделі жағдайда тұр. Өзімнің басты міндетім әріптестеріммен бірге Ресей экономикасын ғарыштық қызметтермен қамтамасыз ету деп санаймын", - деді Борисов.
Бүгінде ХҒС жұмысын Ресей, АҚШ, Еуропа, Жапония және Канада сияқты бес ғарыш агенттігі бірлесіп басқарады. Сонымен қатар, NASA америкалық агенттігі Мәскеу өз серіктестеріне жобадан шығу ниеті туралы әлі ресми түрде хабарламағанын айтты.
Ресей экономикасы "күткеннен де жақсы деңгейде" - ХВҚ
Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) өкілі Украинаға басып кіруіне байланысты Мәскеуге Батыс салған санкцияларға қарамастан, Ресей экономикасы күткеннен де жақсы деңгейде екенін айтты.
"АҚШ пен Қытайды қоса алғанда, негізгі экономика деңгейі баяулап жатқанда, Ресей экономикасы екінші тоқсанда бұрын болжанғаннан аздап қана төмендеді, ал шикі мұнай мен энергетикалық емес тауар экспорты ойлаған деңгейден де жақсы болды", - деді ХВҚ өкілі.
Әскери сарапшы не дейді?
Украинаның қорғаныс ведомствосы басшыларының айтуынша, Украина әскери күштерінде америкалық жоғары дәлдіктегі HIMARS зымыран жүйелері әлдеқайда көп болса, оқиға барысын өзгерте алуы мүмкін еді. Ұлыбританиялық Sibylline компаниясының бас директоры әрі әскери сарапшы Джастин Крамп соғыс алаңында HIMARS сияқты қару-жарақтың озық жүйелеріне қойылатын талаптарды атап өтті.
"Әскери істе күміс оқ жоқ, бірақ бұл зымыран жүйесі қақтығыста бұрын көрген құралдардан гөрі қақтығыс кезінде бетбұрыс жасауға мүмкіндік берер еді. Сондықтан, әрине, көбірек болса, деген тілек бар", - деді Крамп.
62 жыл жұмыс істеген компания Ресейден кетеді
Ресей нарығындағы азық-түлік қаптамасының ең ірі жеткізушісі - Швецияның Tetra Pak компаниясы елден толық шығатынын жариялады. Бұл компания Ресейде 62 жыл жұмыс істеген, бірақ енді Ресейге қарсы санкция салдарынан кетеді. Tetra Pak өз бизнесін жергілікті басшылыққа беретінін хабарлады.
"Tetra Pak өз клиенттеріне бизнестің үздіксіздігін қамтамасыз ету, қызметкерлерге әсерін азайту және тұтынушылардың негізгі азық-түлік өнімдеріне қолжетімділігін қолдау мақсатында бизнесті жергілікті басқаруға беру туралы келісімге қол жеткізді", - делінген хабарламада.