- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әскери қызметші қарт...
Әскери қызметші қарт әйел мен балалы отбасын өрттен аман алып шықты
Семейде Өскемен гарнизоны әскери бөлімінің әскери қызметшісі аға лейтенант Самат Мәкенов өз өмірін қатерге тігіп, отқа оранған үйдің тұрғындарын құтқарып қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға 11 қарашада болған. Әскери қызметшінің бұл ержүрек әрекеті туралы құтқарылған азаматтардың арқасында ғана белгілі болды. Сол түні Самат жұбайымен бірге кинодан қайтып келе жатқан.
Ол Герцен көшесіндегі үйлердің бірінен өрт байқаған.
Әскери қызметші тез қимылдап, түтіндеп жатқан кіреберіске кіріп, барлық пәтердің есігін қағып, тұрғындарды оятты. Бұл кезде оның әйелі өрт сөндіру бөлімі мен жедел жәрдем қызметіне қоңырау шалып үлгерген.
Тұрғындар пәтерлерден асығыс шыға бастады. Тыныс алу үшін сыртқа шыққан Самат пәтерлердің бірінде қарт әйелдің қалып қойғанын байқайды. Ол қарияны терезеден шығарып алады.
Екінші қабаттан жылаған баланың дауысын естіген Самат өз өмірін қатерге тігіп, отқа оранған кіреберістен өтіп, өртсөндірушілер келгенше отбасын жалыннан аман алып шығады. Әскери қызметшінің уақытылы көмегінің арқасында жапа шеккендер жоқ.
Самат Мәкенов Абай облысы Көкпекті ауданы Луговое ауылында дүниеге келген. Педагогикалық университетті "Дене шынықтыру және спорт" мамандығы бойынша оқу бітіргеннен кейін жаттықтырушы болып жұмыс істеді. Кейін мерзімді әскери қызметін өтеген. Бүгінде Самат Мәкенов Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімде қызмет етеді. Отбасында Әли атты ұлы мен Айлин атты қызы бар.
Самат бұл әрекетін батырлық деп санамайды. "Менің орынымда болса, кез келген азамат қарап қалмас еді" деп есептейді.
Өрт кезіндегі батыл, әрі шешуші әрекеті үшін аға лейтенант Самат Мәкенов марапатқа ұсынылды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Бөлек