- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әскери қызметін өтегендер...
Әскери қызметін өтегендер грантқа ҰБТ-сыз түсе алады
Мерзімді әскери қызметін өтегендерге жоғары білім алуға жеңілдік беріледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қорғаныс министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп, азаматтардың мерзімді әскери қызметін өтеуге ынтасын арттыру мақсатында жаңа жоба бастауды көздеп отыр.
"Жоба мерзімді әскери қызмет өткерген барлық азаматқа әңгімелесу нәтижелеріне қарай Ұлттық бірыңғай тестілеуді есепке алмай, әскери борышын өтеген соң екі жыл ішінде ақылы негізде жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді. Демек, күнтізбе бойынша күзде әскерден келген соң, олар оқуға түсе алады. Ал бұрынғы әскери қызметшілер жоғары оқу орындарының әскери кафедрасында тегін оқи алады", - делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Сонымен қатар, әскери қызметін өтегендерге тегін білім алу мүмкіндігі де қарастырылған.
"Жеке қасиеттеріне, үлгілі тәртібіне және мерзімді әскери қызметін өтеу кезеңінде жауынгерлік даярлықта қол жеткізген жоғары нәтижелеріне қарай әскери қызметшілерге жоғары оқу орнының гранты есебінен тегін жоғары білім алу мүмкіндігі беріледі. Мұндай жастарға Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына емтихансыз және ҰБТ-ны есепке алмай-ақ оқуға түсу мүмкіндігі беріледі. Әскери оқу орындарына емтихансыз түсу және азаматтық жоғары оқу орындарында оқу грантын алу кезінде әскери қызметшілердің Отан алдындағы борышын өтеген балаларына да басымдық беріледі", - делінген ведомство хабарламасында.
Сондай-ақ, бұл жобаны іске асыру білім беру саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізуді талап етпейтіні айтылды.
"Еліміздің барлық өңіріндегі қырыққа жуық жоғары оқу орны әскери борышын өтеген азаматтарға білім алуға жеңілдіктер беретінін растады. Қорғаныс министрлігі тиісті ережелерге өзгерістер енгізу жұмыстарын бастап кетті. Жобаны іске асыру 2023 жылдан басталады. Мұндай жеңілдіктер қазір борышын өтеп жүрген азаматтарға және 2022 жылы әскерге шақырылатын сарбаздарға беріледі", - деді Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова