- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әскери қызметкерлерге құрмет...
Әскери қызметкерлерге құрмет көрсетілді
Бүгін Орал қаласындағы ҚР ұлттық ұланы "Батыс" өңірлік қолбасшылығының 5517 әскери бөлімінде Отан қорғаушылар күніне және Жеңіс күнінің 78 жылдығына арналған салтанатты шара өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мерекелік іс-шараға арнайы келген облыс әкімі Нариман Төреғалиев әскери қызметкерлерді шебі бүтін, шекарасы берік қасиетті қазақ жерін қорғайтын Қарулы күштеріміздің құрылған күнімен құттықтады.
Салтанатты шарада әскери қызмет-міндетін адал орындаған, әскери борышын өтеудегі жеке үлгілілігі үшін, әскери қызметшілерді патриоттық және мәдени тәрбиелеу ісінде өзара іс-қимылмен ықпал еткен және қоғамдық тәртіпті нығайту мен қамтамасыз ету ісінде Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланымен тығыз қарым-қатынас орнатқан бірнеше әскери қызметкер мен "Батыс" өңірлік қолбасшылығының ардагерлері ҚР ішкі істер министрлігінің, облыс әкімінің алғыс хат-граммоталарымен марапатталды. Олардың қатарында аға сержант, жауынгерлік даярлық бөлімшесінің аға маманы Бекмырза Утеуов, подполковник, жауынгерлік даярлық басқармасының дене даярлығы және спорт бастығы Бахтияр Қалдыбеков, запастағы подполковник, "Батыс" өңірлік қолбасшылығының ардагері Сергей Арендарь, полковник, "Батыс" өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс басқармасының бастығы Ерден Балғымбаев және басқалар бар. Сондай-ақ облыс әкімі Нариман Төреғалиевке "Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін" естелік белгісі табыс етілді.
Батыс өңірлік қолбасшылығының 5517 әскери бөлімінің баспасөз қызметі берген мәліметке қарағанда, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы "Батыс" өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері Отан қорғаушылардың қазіргі буыны ретінде аға ұрпақтың даңқты жауынгерлік дәстүрлерін лайықты жалғастыруда. Құқықтық тәртіп әскерінің жеке құрамы жауынгерлік шеберліктерін табандылықпен жетілдіріп, сеніп тапсырылған қару-жарақ пен әскери техниканы зор ынтамен игеруде. Олар Қазақстанның қоғамдық қауіпсіздігін сақтай отырып, азаматтарды қылмыстық және өзге де заңсыз қол сұғушылықтардан қорғауда.
Іс-шарада 5517 әскери бөлімі жауынгерлерінің қоян-қолтық күресі бойынша көрсетілімі келушілер назарына ұсынылды. Аға лейтенант Данияр Құспанғалиевтің жетекшілігімен ұйымдастырылған көрсетілімде жауынгерлер суық қарудан, соққыдан қорғану тәсілдерін көрсетті. Қоян-қолтық күрес сабақтары қарсыласты ұстау, шабуылдан өзін-өзі қорғау үшін, сонымен қатар олардың бойында батылдық, қайсарлық, жігерлілік, тез шешім қабылдау сезімдерін оятуға және өз күшіне деген сенімділігін арттыруға бағытталған.
Арнайы кинолог, ефрейтор Садлаев Ахметтің "Вайс" атты шабуылшы итімен бірге көрсеткен қылмыскерді көлікте ұстау кезіндегі көрнекі қойылым әсіресе жас балаларға қатты ұнады. "Дефиле" әскери оркестрі Мәншүк Мәметованың ерлігі бейнеленген "Марш Мәншүк Мәметова" саптық маршын орындады.
Айта кетейік, 5517 әсери бөлімінің әскери оркестрі өзінің тарихи жолын бастаған күннен бастап күні бүгінге дейін облыстағы, қаладағы, Орал гарнизонының масштабындағы барлық мәдени шараларды қамтамасыз ететін бірден-бір ұжым. Әскери оркестрдің ұжымын оркестрдің инструкторы, сержант А. Шутарев басқарып отыр. Республикалық және халықаралық конкурстардың бірнеше рет жүлделі орындарын иеленіп, әскери оркестрлердің дәстүрін абыроймен жалғастырып келеді.
Гүлжан ҒАЛЫМ
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы