Әскери қызметке шақырудан босату немесе кейінге қалдыру: министр жаңа өзгерісті айтты

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қорғаныс министрлігі саласын цифрландыру мәселесі жолға қойылып жатқанын айтты. Соған сәйкес әскерге шақырылушылар енді өз мәртебесін бір жүйеден біле алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бірнеше ай бұрын елордалық әскери комиссариаттардың біріне барып, Қорғаныс министрлігінің өкілдерімен бірге осы саланы цифрландыру жоспарларын талқылаған болатынбыз. Сонда көтерілген мәселелердің бірі - әскерге шақырылатын жастарды әскери қызметке шақырудан босату немесе кейінге қалдыру мақсатында талап етілетін анықтамалардан арылту болатын. Ол үшін бірнеше жүйені біріктіру қажет еді", - дейді ол.

Оның айтуынша, қазір 300 мыңнан аса әскерге шақырылушы 1414-тен ЅМЅ хабарламалар алып үлгерген.

"Араға уақыт салып, бірлескен жұмыстың арқасында нәтижеге қол жеткіздік. Мәселен, биыл 1 наурызынан бастап азаматтар толып жатқан анықтамалар мен құжаттарды ұсынбай, әскери қызметті өткеру туралы өз мәртебесін бір жүйеден біле алады. "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ және Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, қазақстандықтарды әскерге шақырудан босату және кейінге қалдыру туралы ақпарат беретін проактив мемлекеттік қызметті іске қосты. Әскерге баруға міндетті ер адамдарға, яғни 18-27 жастағы азаматтарға әскерден босату немесе кейінге қалдыру бойынша тиісті ақпарат телефондарына хабарлама ретінде жолданады. Мобильді азаматтар базасында тіркелген қазақстандықтар ғана хабарлама алатынын атап өтемін", - деп түсіндірді министр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!