- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әскери комитет күштеп...
Әскери комитет күштеп әскерге алып кетуге құқылы ма?
Биыл Қазақстанда 37 056 адамды әскерге шақыру жоспарланғанымен, соңғы кезде әскерге барып, борышын өтеуден қашатын ер адамдардың саны артып жатыр. Кейбір жағдайларда әскери комитет жігіттерді тіпті күштеп алып кетіп жатады. Бұл қаншалық заңды екенін Massaget.kz тілшісі заңнамаға сүйеніп анықтап көрді.
ҚР "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" заңның 31-бабына сәйкес әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ 18 жастан 27 жасқа дейінгі азаматтар мерзімді әскери қызметке шақырылады.
Әскери комиссариатқа шақыру қағазы сізге жеке тапсырылуы керек. Егер шақыру ата-ана, достар, көрші арқылы берілсе немесе пошта жәшігіне тасталса, оның заңды күші болмайды. Әскери комиссариаттан қоңырау шалса да, ол заңды емес.
Сіз ауыр ауру, өлім немесе жақын туысыңыздың аууыр ауруға шалдығуы, табиғи апатқа байланысты әскери комитетке бармауыңызға болады. Бірақ ол құжаттармен расталуы керек.
Ал егер ешқандай себепсіз бармаған болсаңыз, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 647-бабы бойынша 5 АЕК мөлшерінде айыппұл тағайындалуы мүмкін.
Егер сізге әскерге шақыру қағазы беріліп, бірден полиция қызметкерлерінің сүйемелдеуімен әскери комитетке алып кетсе, бұл заңға қайшы. Өйткені, шақыру қағаз әскери комитетке келуі үшін белгіленген мерзімнен 2 жұмыс күн бұрын тапсырылуы тиіс. Бұл әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алу ережелерінде көрсетілген.
Шақыру қағазы сізге бірінші рет беріліп тұрса, әскери комитетке ешкім мәжбүрлеп апара алмайды. Сізді заңсыз күштеп алып кеткендер Қылмыстық кодекстің 414-бабына сәйкес сотталуы мүмкін.
Сонымен қатар, сізді көшеде кетіп бара жатқан кезіңізде ұстап, әскери комитетке алып кетсе бұл заңсыз, ұрлау және билікті асыра пайдалану болып саналады. Сондықтан сіз полицияға ұялы телефоннан 112, қалалық телефоннан 102 нөмірін теру арқылы қоңырау шала аласыз.
Айта кетейік, әскерден салмақты себепсіз қашқан болсаңыз, үстіңізден мемлекеттік борыштан жалтарғаныңыз үшін қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Істі сотқа жеткізьей, әскери комитетке өз еркіңізбен баруға тырысыңыз. Әйтпесе, Қылмыстық кодекстің 387-бабы бойынша әскери қызметтен жалтарғаны үшін 1 000 АЕК (3 450 000 теңге) мөлшерінде айыппұл немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары не бір жылға дейін шектеу немесе бас бостандығынан айыру тағайындалуы мүмкін.
Оған қоса, әскери қызметтен жалтару үшін өз денсаулығыңызға қасақана зиян келтірсеңіз, құжатты қолдан жасасаңыз қылмыстық жауапкершілік күшейтіледі. Яғни, 3 000 АЕК (10 350 000 теңге) дейін айыппұл, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, 3 жылға дейін шектеу немесе бас бостандығынан айыру тағайындалады.
Еске салайық, бұған дейін әскери қызметін өтегендер грантқа ҰБТ-сыз түсе алатыны туралы хабарланған еді.
Тағы да оқи отырыңыздар: Бэкстейдж деген не?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә