Әскери колледжде басына оқ тиген жігіттің анасы екі жыл бойы әділдікке жете алмай жүр

Әскери колледжде басына оқ тиген жігіттің анасы екі жыл бойы әділдікке жете алмай жүр
Фото: Massaget.kz

Елорда тұрғыны 21 жастағы Ұлан Мұсаев Ақмола облысына қарасты Щучинск қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы әскери колледжге оқуға барып, бір жылдан кейін мүгедек болып үйіне оралды. Екі жылдан бері арбаға таңылған баласының бас сүйегіне ота жасата алмай жүрген анасы Гүлмира Мұқажанова Massaget.kz редакциясына хабарласып, көмек сұрады. 

Гүлмира Мұқажанованың екі ұлы бар, жолдасы өмірден өтіп кеткен. Жалғызбасты әйел бас шаһарда пәтер жалдап тұрады. Тұңғышы Ұлан 11-сыныпты аяқтағаннан кейін университетке тапсырып, IT саласында оқуға түседі. Бірінші курстан кейін өз қалауымен әскери колледжге ауысады. 

"Ұлым қазір 21 жаста, 2021 жылы Щучинск қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы кадет колледжіне өз қалауымен оқуға түсті. Колледжде бір жыл оқып, каникулға үйге келген кезде көңіл күйі болмады. "Балам, көңіл күйіңе не болды?" деп сұрап едім, физикалық нормативті тапсыра алмай қиналып жүргенін айтты. Үйге келгеннен кейін жүгіріп, дайындалып жүрді. Үш шақырымға жүгіру нормативін тапсыра алмай жүрген екен. Тамыздың бірі демалысқа келіп, 29-ы күні қайта оқуға кетті. Екі күн өткеннен кейін сағат тоғыз шамасында кадет корпусының басшысы хабарласып: "Балаңыздың жағдайы ауыр, тез жетіңіз. Келгеннен кейін жағдайды айтамыз" деді. Содан бауырым мен балам үшеуміз Щучинскіге жолға шықтық. Барсам, балам реанимацияда жатыр. Мұнарада (вышка) тұрған кезде басынан оқ жарақатын алған. Кадет басшысының айтуынша, Ұлан өзін-өзі автоматпен атқан.  Содан бері екі жылдан аса уақыт өтті, кінәлілер әлі табылмады", - деді Ұланның анасы.

Мұнарада автоматпен атқан

Ұлан Мұсаевқа 105-баптың 1-бөлігі суицид жағдайына жеткізу бабы бойынша іс қозғалған. Бірақ оны суицид жағдайына кімнің жеткізгені айтылмайды. Мұнараға екі метр жетпей орналасқан камера белгісіз себептермен дәл сол күні істен шыққан. Одан бөлек, оқиға болған жерде заттардың орны ауысқан дейді.

"Ұлым толық есін әлі жинаған жоқ, кей сәттерді білсе, кейбірін ұмытып қалған. Әскерге барып мүгедек болып қайтқан Ербаянның ағасы Наурызбай үйге келгенде ғана алғаш рет ұлымның көзінше қайғылы оқиғаны тікелей эфирде айтты. Содан ұлымның есіне сол күн түскен болу керек, мен тергеушіге барып келгенімде: "Мені кім атқанын сұрадың ба?" деп қайталай берді. Оның тілін мен ғана түсінемін, содан екеуміз қосылып жылап алдық. Баламның көзінше ештеңе айтпайтын едім. Басына массаж жасаған кезде "басыңда тыртық бар екен, көрініп тұр" десем, таңғалып, "басымда тыртық жоқ, жоқ болған" дейді. Жады кішкентай баланыкі сияқты, кейде еркелейді. Дене мүшесінен оң жақ қолын ғана ақырын көтере алады, сол жағы әлсіз", - дейді Гүлмира Мұқажанова.

"Істе куәгер пайда болды"

Астана қаласындағы нейрохирургиялық орталықтың мамандары басына ота жасауға әлі ерте десе, әскери госпитальдағы нейрохирург сүйек салдыру қажет екенін айтқан. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың қабылдауында болып, ұлының отасына көмек көрсетуді сұраған екен. Бірақ министр "ақша жоқ" деп шығарып салған. Денсаулық сақтау вице-министрі де құрғақ уәдемен шығарып салған. Бір қызығы, араға екі жыл салып ұлының ісіне қатысты куәгерлер табылады. 

"Екі жылдан кейін ұлымның қасында болған жігіт оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Ол жігіттің ақпаратына сүйенсек, №3 взвод командирі Қасиет Сайранов мұны қорқытқан болуы керек. 29 тамыз күні взвод командирі еңбек демалысына шығу керек болған екен, бірақ физикалық нормативті тапсыра алмаған 4 бала үшін демалысқа шыға алмай қалған. Содан екі күн бойы төрт студентке кадет колледжінің аумағын жинатып, аямай жұмысқа салған. Куәгер балаға сотқа барғанда осы сөзіңнен танбайсың ғой деп едім, куә боламын деді. Біреу атпаса да, баламды осы жағдайға жеткізіп, қинап жіберген шығар", - деді анасы. 

Сондай-ақ Ұлан анасынан емтиханға балл қойдырамын деп он мың теңге алған. Командирдің туған күніне деп тағы ақша сұраған. 

"Сайрановтың туған күніне 15-20 мың теңгеден ақша жинадық. Олар полигонға барғанда азық-түлік алып, кәуап пісіріп, плейстейшн ойнап жүрген. Ұлым колледжде білім алды деп айта алмаймын. Қорғаныс министрі баламды қалай сап-сау жібердім, сол күйін қайтарып берсін. Реабилитациялық орталыққа орналастыруға көмек берсе деген тілегім бар. Ұлымды олардың қолына бере алмаймын, әскери госпитальде қалай қарайтындарына сенімім жоқ. Нейрохирургия орталығы ота жасамаймыз дейді. Екі жыл болды, қажып кеттім", - деп көз жасын тоқтата алмады әбден амалы құрыған Ұланның анасы.

Қорғаныс министрлігінің жауабы

Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаевтан Сенат кулуарында Ұлан мәселесі туралы сұрадық. Министрлік өкілі он күн бұрын Гүлмира Мұқажанованы қабылдағандарын алға тартты. 

ortcom.kz

"Анасы өткен аптада өзім қабылдадым. Барлық мұқтажын толық тыңдадық, тергеу амалдары әлі де жүріп жатыр. Ұлан өз-өзіне қол жұмсады ма, әлде басқа жағдайда жарақат алды ма, әлі белгісіз. Қылмыстық іс аяқталғаннан кейін қандай төлем берілетіні анықталады. Қорғаныс министрлігінің атынан Денсаулық сақтау министрлігіне хат жолдадық. Тиісті органдардан квота беруді сұрап, қараша айында әскери госпитальға жатқызатын болдық", - деді Жазықбаев. 

Елдегі ең мықты нейрохирург не дейді? 

Өткен апта Гүлмира Мұқажанова Ұланмен бірге еліміздегі ең үздік нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаевтың қабылдауында болған. Дәрігер ота жасалғанымен баланың аяқтан тұрып кетуіне кепілдік бере алмайтынын айтқан. 

"Мыңжылқы мырза телефон арқылы жағдайымды айтып едім, бір сөзге келмей, тегін қабылдады. Ұлымның әлі де реабилитациядан өткені дұрыс деді. Себебі ота жасалғанымен ол кері әсерін беріп, денсаулығы одан сайын нашарлап кетуі де мүмкін екен. Жоқ, сонда да ота жасатамын десеңіз, "Президент іс-басқармасы медициналық орталығының ауруханасында ақылы түрде жасаймыз, ота құны - 8 млн теңге" деді. Біріншіден, менің ондай қаражатым жоқ. Екіншіден, ота баламның денсаулығына оң немесе кері әсер ететіні белгісіз болғандықтан, ұлымның өмірін қатерге тігіп, тәуекелге бара алмаймын", - деді кейіпкеріміз. 

Бір жылдағы қайғылы жағдайлар

Ұланның анасы ұлын әскери госпитальға жатқызуға қорқатынын жеткізді. Ал министрліктің хаттары мен квотасы отаға емес, жай ғана реабилитацияға дейді. Елімізде жыл басынан бері әскери сарбаздарға қатысты қайғылы оқиғалар легі толастар емес. Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиевтің мәліметінше, Қазақстанда соңғы үш жылда 270 әскери қызметкер көз жұмған. Қараша айының 13-і күні Жетісу облысы Жаркент қаласында түнгі кезекшілікке кеткен капитан Дархан Дәулет шаңырағына табытпен оралды.

Ұлттық ұланның жауынгері Ербаян Мұхтардың жағдайы бүкіл елді дүрліктірді. Сарбаздың басынан алған жарақаттан емделіп жатқанына бір жылдан асты.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Бақдаулет