Әскери-көлік ұшағының апатынан 66 адам қаза тапты

Колумбияда C-130 Hercules әскери-көлік ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан 66 адам қаза тапқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Caracol Radio X әлеуметтік желісінде мәлімдеді.

"Пуэрто-Легисамо, Путумайо аймағындағы оқиға салдарынан 66 адамның қаза тапқаны расталды. Олардың арасында Ұлттық армияның 58 әскери қызметкері, Колумбия Әуе күштерінің алты өкілі және Ұлттық полицияның екі қызметкері бар", - делінген хабарламада.

Радиостанцияның нақтылауынша, апатқа ұшыраған ұшақ бортында 128 әскери қызметкер болған.

БАҚ мәліметінше, 57 адам аман қалған, біреуі зардап шекпеген, тағы төртеуі хабар-ошарсыз кеткендер қатарында.

Бұған дейін Колумбияның қорғаныс министрі Педро Санчес Әуе күштеріне тиесілі Hercules ұшағы елдің оңтүстігінде апатқа ұшырағанын мәлімдеген еді.

Caracol телеарнасының хабарлауынша, бортта 125 адам болған - 11 экипаж мүшесі және 114 әскери қызметкер. Материалда бұл 27-бригаданың әскери қызметкерлерін өңірдегі әскер ротациясы аясында тасымалдап бара жатқан әуе кемесі екені айтылған.

Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа ұшақтың маневр жасау кезінде туындаған қиындықтар себеп болған - ұшақ ұшып көтерілгеннен кейін қажет биікке тиісті деңгейде көтеріле алмаған.

Колумбияның Әуе-ғарыш күштерінің қолбасшысы генерал Карлос Фернандо Сильва Руэда бұған дейін кемінде 48 адамның зардап шегіп, эвакуацияланғанын мәлімдеген.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!