- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Әскери керней" "Оңтүстіктен"...
"Әскери керней" "Оңтүстіктен" бастау алды
Елордамыз Астананың 20 жылдығы қарсаңында өткізілетін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының "Әскери керней - 2018" байқау-сайысына өңірлерде іріктеу кезеңдері басталды. Аталған іріктеу кезеңі алғаш болып "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығында өтті.
Байқау-сайыста өнерлерімен бақ сынауға Алматы облысының Қаракемер кентінде орналасқан 6654 әскери бөлімінің әскери оркестрі (жетекшісі – әскери дирижер майор Баширов Рамиль Рауфович), Ұзынағаш кентінде орналасқан 28237 әскери бөлімінің әскери оркестрі (жетекшісі - лейтенант Оразбеков Нұрлыбек Қалдыбекұлы), Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінен келген әскери оркестр, Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінің әскери оркестрі (жетекшісі – әскери дирижер аға лейтенант Азизов Ялкун Съянхатович) және Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінің әскери оркестрі (жетекшісі – әскери дирижер аға лейтенант Нұрмаханов Жарас Берікұлы) қатысты.
Әскери оркестрлердің өнері патриоттық және әскери тәрбиеге ықпал ететін екі міндетті бағдарлама бойынша бағаланды. Бірінші талап бойынша оркестр концерттік бағдарлама ұсынуы керек. Бағдарламада шетел және қазақ композиторларының классикалық музыкасы, аспапта ойнау бойынша және вокал солистерінің өнері, әртүрлі сипаттағы шығармалардың орындалуы тыңдалды.
Концерттік бағдарлама бөлігінде 5571 әскери бөлімі оркестрінің солисі кіші сержант Мартыненко Иван Вадимович ерекше дауысымен көзге түсіп, "Үздік вокалды", ал 6506 әскери бөлімінің қызметшісі Мейірбек Нұрсұлтан Берікұлы "Аспапта үздік ойнау" марапатына ие болды.
Екінші бөлігі дефиле және плац-концерт деп аталды. Оркестрлер әскери плацта музыка аспаптарында ойнай жүріп, түрлі саптық тәсілдерді көрсетті. Сайыстың бұл бөлігінде саптың жинақылығы, көрсеткен өнерлерінің мазмұны, драмалық және режиссерлік шеберлік, театр элементтерінің қолданылуы, репертуар таңдау және басқа да талаптар сыналды. Дефиле көрсетуден 5513 әскери бөлімінің оркестрі ойнақылығы, жинақылығы жағынан ерекшеленді, 6506 және 5571 әскери бөлімдерінің де оркестрлері мазмұны мен орындау шеберлігі қырынан тамаша өнер көрсетті.
Ал Ұзынағаш ауылы өнер мектебінің өнерпаздары "Ақбота" би ансамблінің бишілерімен бірлесе өнер көрсеткен 28237 әскери бөлімінің оркестрі және Қаракемер кентіндегі "Керім-ай" тобының бишелрімен өнерлерін үйлестірген 6654 әскери бөлімінің оркестрі биылғы сайысқа өзіндік жаңалықтарымен келіпті.
Байқау-сайысты қорытындылаған қазылар алқасының шешімімен "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылық бойынша "Әскери керней - 2018" байқау-сайысында І орынды 5571 әскери бөлімінің әскери оркестрі, ІІ орынды 6506 әскери бөлімінің әскери оркестрі, ІІІ орынды 5513 әскери бөлімінің әскери оркестрі жеңіп алып, дипломдармен марапатталды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы Ардагерлер кеңесінің 2018 жылғы 4 маусымдағы № 34 қаулысына сәйкес аға лейтенант Азизов Ялкун Съянхатович "Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов" медалімен, лейтенант Оразбеков Нұрлыбек Қалдыбекұлы, прапорщик Руденко Александр Александрович, сержант Селифанов Денис Анатольевич, кіші сержант Сұлтанқұлова Әлия Шаяхметқызы, қатардағы жауынгер Әделбаев Ерік Қуанышбекұлы «Батыр шапағаты. Бауыржан Момышұлы» медалімен марапатталды.
О. Сансызбай