Әскерге шақырудың жаңа ережелері: қазақстандықтарды қыркүйектен бастап не күтіп тұр?

Қазақстанда әскерге шақыру тәртібі өзгереді. Қыркүйектен бастап SMS-хабарламалар дәстүрлі шақыру қағазына теңестіріледі. Өзгерістің қалай жүзеге асатынын Қорғаныс министрлігі түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"SMS"-те не болады?

Әскери қызметке шақырылуы мүмкін азаматтар SMS-шақырту алдын ала –  белгіленген күннен 3 күн бұрын алады. Онда әскерге шақырылушыға көрсетілген мекенжай бойынша әскери комиссариатқа барып, медициналық тексеруден өту қажеттігі туралы хабарлама болады. Медициналық тексерістен кейін шақыру комиссиясы шешім қабылдайды. Сондай-ақ SMS-хабарлама азаматтың eGov порталындағы жеке кабинетіне де жіберілуі мүмкін.

"Азаматта бірнеше нөмір болса?"

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, егер азаматқа бірнеше абоненттік нөмір тіркелген болса, SMS олардың әрқайсысына жіберіледі. Осылайша шақыру қағазын өткізіп алмауы үшін жағдай жасалады.

"Егер азаматтың мобильді телефоны туралы деректер (eGov-та тіркелген нөмірді қоса алғанда) болмаса, шақыру қағазы қолхатпен жеке өзі қолына тапсырылады немесе тіркеу мекенжайына, уақытша тұратын жеріне не жұмыс орнына пошта арқылы жеткізіледі", – деп хабарлады министрлік Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында.

Қағаз түріндегі шақыруды әскери комиссариат қызметкерлері, ұйым басшысы немесе пошта курьеры табыстауы мүмкін. Сонымен қатар министрлік электронды шақыру енгізілгеннен кейін де қағаз түріндегі шақырудан бас тартпайтынын атап өтті.

Жаңа ережелер қашан күшіне енеді?

Шілде айында Президент әскери қызмет мәселелеріне қатысты түзетулерге қол қойды. Олар 60 күннен кейін, яғни биылғы 16 қыркүйекте күшіне енеді. Осы күннен бастап қазақстандық әскерге шақырылушылар SMS-хабарлама ала бастайды.

Қазақстандағы күзгі әскерге шақыру

Биыл күзгі шақыру 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін өтеді. Бұрын ол 1 қазанда басталатын, алайда Қорғаныс министрлігі жаңа ережелерді бекітті.

Еске салсақ, жуырда Қорғаныс министрлігі Қазақстанда әскери қызметке шақырудың жаңа қағидаларын мақұлдады. Атап айтқанда, құжат Қазақстан азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен өткізудің бірыңғай тәртібін енгізеді.

 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!