- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әскерге кімдер шақырылмайды?...
Әскерге кімдер шақырылмайды? Заңгер түсіндіреді
Елімізде 18-27 аралығындағы барлық ер-азамат әскерге баруға міндетті. Ал олар қандай жағдайда әскерден босатылады? Бұл туралы Венера Нұрғалиқызы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Заңгердің айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған, 27 жасқа толған, заңды негiздер бойынша мерзiмдi әскери қызметке шақырылмаған азаматтар әскерден босатылады.
Сонымен қатар туыстарының бiрi (әкесi, анасы, аға-інілерi немесе апа-сіңлілері) әскери қызметті өтеу кезеңінде мiндетін орындау барысында қаза тапқанда немесе бірінші, екінші топтағы мүгедектік белгіленгенде, әскери қызметті басқа мемлекетте өткендер, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендер Отан алдындағы борышын өтеуден босатылады. Бұдан өзге, бұл санатқа ғылыми дәрежесi бар азаматтар, ресми тіркелген діни бірлестіктердің қызметкерлері жатады.
"Ал балалы отбасы әрі денсаулық жағдайында қандай да бір кінәраты бар, күндізгі бөлімде оқитындар, кәсіби қызметін атқарып жүрген педагогтер, ауылдағы дәрігерлер, Парламенттің немесе жергiлiктi өкiлдi органдардың депутаттары әскерге шақырудан уақытша босатылады. Сондай-ақ алдын ала тергеу амалдарына тартылған немесе қылмыстық iсін сот қарап жатқан адамдар үшін әскерге шақыру мерзімі кейінге қалдырылады", - деді заңгер.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан