Аcтанада ақша табу үшін Threads желісінде әскердегі зорлық-зомбылық туралы жалған ақпарат таратқан 23 жастағы тұрғын сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол әлеуметтік желіде әдейі жалған ақпарат таратып, заңсыз жолмен ақша жинамақ болған. Күдікті биыл ақпанда анонимді түрде жариялаған жазбасында әскери қызмет кезінде өзіне жыныстық зорлық-зомбылық жасалғанын ойдан шығарып, өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, шетелге кету үшін қаржылай көмек сұраған. Ол ақша аударуға арналған банк реквизиттерін де көрсеткен.
Әлеуметтік желіні пайдаланушылардың бірінің шағымынан кейін жүргізілген тексеріс барысында жарияланған ақпарат шындыққа сәйкес келмейтіні анықталған. Сондай-ақ, сотталған адам ешқашан әскери борышын өтемегені белгілі болған.
"Ол ақша жинау үшін мән-жайды білмейтін 17 жастағы танысының банк шотын пайдаланған. Екі күннің ішінде бұл шотқа 15-тен аса ақша аударымы түскен. Тергеп-тексеру барысында күдікті жалған ақпаратты тек ақша табу мақсатында жариялағанын мойындады. Алаяқтық және көрінеу жалған ақпарат тарату дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деді полиция.
Ол сот шешімімен кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз