Әскерде жүріп басынан ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтарға қатысты іс бойынша жаңа дерек шықты. Бұл туралы оның адвокаты Инга Иманбай мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Адвокаттың сөзінше, Ербаян Мұхтардың ісі бойынша маңызды жаңалық бар.
"Бас прокуратура қылмыстық істі толық өз өндірісіне алып, барлық материалды жан-жақты қайта зерделейтінін мәлімдеді. Президенттің тікелей тапсырмасынан кейін бұл іске жаңа серпін беріліп отыр. Енді біз Ербаян Мұхтар ісінде әділдік орнайтынына, ал Ербаянды осы күнге жеткізген кінәлі адамдар жауапқа тартылатынына сенеміз", - деді ол.
Алматыдағы 5571 әскери бөлімшесінде Отан алдындағы борышын өтеген сарбаз жантүршігерлік жағдайға жеткен.
Әскери бөлімнің есебі бойынша түнгі сағат 2 шамасында әжетханаға шыққан сарбаз өзі құлап, басын кафельге ұрып алған. "Бас сүйегі жарылып, желке сүйегі сынып, ауыр ми жарақатын алған баланың өзі құлауы мүмкін емес" деген сарбаздың ата-анасы Massaget TV тілшісіне ашық сұхбат та берді.
Ербаянға бес рет ота жасалды. Кейінірек ол Түркияда емделді.
Бұған дейін прокуратура өкілдері Ербаян Мұхтарға қатысты істе әлі нақты күдіктілер жоқ екенін мәлімдеді.
10 қарашада Астанада Министрліктер үйі маңында Қорғаныс министрлігі өкілдеріне үндеу жасау мақсатында бір топ әйел жиналды.
Олар - әскери қызмет кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің аналары. Министрліктер үйі маңында түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. Ашынған аналар ұлдарының өлімін әділ тергеуді және әскерді реформалауды талап етті.
Осыдан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурорға әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналарынан түскен арыз-шағымды 12 күн ішінде қарастырып, істі тергеу барысында заң сақталуына баға беруді тапсырды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!