Әскерде ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтар қайтыс болды: министрлік мәлімдеме жасады

Әскерде жүріп басынан ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтар қайтыс болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығымен бірлесіп, Ұлттық ұланның бұрынғы әскери қызметшісі Ербаян Мұхтар қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

"Дәрігерлер үш жылға жуық уақыт бойы науқастың өмірін сақтап қалу үшін күресті. Алайда алған аса ауыр жарақаттары салдарынан бас миында қайтымсыз өзгерістер болып, науқастың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Науқас Мұхтар Ербаян Хамитұлы 2023 жылдан бері мерзімді әскери қызметін өтеу кезінде алған ауыр бас-ми жарақаты салдарынан аса ауыр жағдайда болды. Ұзақ уақыт бойы тұрақты вегетативтік күй сақталды. Респираторлық қолдауды қосқанда, қарқынды терапия жүргізілгеніне қарамастан, өмірлік маңызды көрсеткіштер біртіндеп нашарлағаны байқалды. Қандағы оттегі сатурациясы төмендеуі, жүрек ырғағы бұзылуы және гемодинамиканың тұрақсыздығы тіркелді. Науқастың жағдайы аса ауыр күйінде қалды. Медицина мамандары тарапынан барлық жансақтау және емдік іс-шара кешені толық көлемде жүргізілді", - деп жазылған хабарламада.

Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің ұйымдастыруымен науқас ем алу үшін Түркия Республикасына жіберіліп, онда бастапқы диагноз расталған.

"2026 жылы маусымда негізгі ауыр сырқат аясында инфекциялық асқыну, сепсис және ағзалық жеткіліксіздік синдромы дамыды. 23 маусымда сағат 21:40-та науқастың биологиялық өлімі тіркелді. Өлімнің тікелей себебі ауыр бас-ми жарақаты салдары мен оған қосылған асқынулар аясында дамыған ағзалық жеткіліксіздік синдромы болды. Науқас ең заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған палатада ем қабылдады. Оған заманауи терапия жүргізіліп, ерекше күтім жасалды. Сондай-ақ, науқастың туыстарына жансақтау бөлімшесіне кіруге мүмкіндік беріліп, сапалы медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалды", - деп жазылған хабарламада.

Ербаян Мұхтар туралы не белгілі?

Алматыдағы 5571 әскери бөлімшесінде Отан алдындағы борышын өтеген сарбаз жантүршігерлік жағдайға жеткен.

Әскери бөлімнің есебі бойынша түнгі сағат 2 шамасында әжетханаға шыққан сарбаз өзі құлап, басын кафельге ұрып алған. "Бас сүйегі жарылып, желке сүйегі сынып, ауыр жарақат алған баланың өзі құлауы мүмкін емес" деген сарбаздың ата-анасы Massaget TV тілшісіне ашық сұхбат та берді.

Ербаянға бес рет ота жасалды. Кейінірек ол Түркияда емделді. 

Бұған дейін прокуратура өкілдері Ербаян Мұхтарға қатысты істе әлі нақты күдіктілер жоқ екенін мәлімдеді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз