Асаба, ақын Құрманай Бақтиярқызы "Болашаққа бағдар" телебағдарламасына берген сұхбатында ауыр халде жатқан кезінде ауруханада басынан өткергенін айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақын кейінгі бірнеше жылда қатты асығып кеткенін айтты.
"Алла мені ана дүниеге асықтырғандай болды. Мен 2021 жылы пандемия басталғаннан кейін Астанадан көшіп кеттім де үй соқтым, 2022 жылы Меккеге қажылыққа барып келдім, 2023 жылы үйімнің алдына жаздық алаң соқтым, құдаларымды шақырып есік көрсеттім, әкеме көкпар бердім, астыма керемет ақ тұлпар алдым, бәрінің арасында Меккеге де барып үлгеріп жүрдім. Осылай "болды, Құрманай, сен бәрін жасап болдың, енді сені ала беремін" дегендей бәрі асығып болып кеттті. Бұл сынақ та бірден келіп қалды. Негізі менің денсаулығым сыр беріп жүрген. Халық мені "сұлулық үшін майын алдырды, асқазанын кестірді" деп ойлапты, иә, асқазанымды емдету үшін 5 жерден кесіп, ота жасаттым. Бұл жоспарланған ота болды, ол тамаша өтті, тіпті үш күннен кейін үйге қайттым. Сөйтсек ота кезінде инфекция жұққан екен, үйге барғаннан кейін жарам асқынып кетті. Сонымен ауруханаға қайта жатып, тіккен жерді қайта тесті. Асқазаным 7 рет ашылды, ішек-қарнымды алып, жуып қайта салды. Өте қиын процедурадан өттім", - деді өнер иесі.
Ақын достарына алғыс білдірді.
"Дәрігер маған "достарың өте көп екен" деп айтты. Жандарым, достарым мен үшін шырылдап, 20-30 күн бойы ауруханада күтіпті. Мен ауруханадан шыққаннан кейін "бәріміз бір үйде жиналып, енді не істесек болады деп ойлансақ болады ғой, бірақ бәріміз сол ауруханада, сыртта көлікте отыра беріппіз" дейді. Әйтпесе ол кезде күн суық еді, қар борап тұрған. Мен ауруханада 2 айдай "қарды ұстай алмадым ғой" деп армандап жаттым, терезені ашып, қарды қолыммен ұстауға тырысатынмын", - деді асаба.
Тағы да оқи отырыңыздар: Бишімбаев түрмеден мерзімінен бұрын шыға ала ма?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!