Асқазанға ауыртпалық түспес үшін жаңажылдық дастарқанға не дайындаған дұрыс?

Жаңа жыл жақындап қалды. Мерекені тойлаудың қандай түрін таңдасаңыз да, қайда барсаңыз да, сізді ол күні және одан кейінгі бірнеше күн қатарынан мол дастарқан күтіп тұрады. Күні бойы аш жүріп, кешкісін әр тамақтың дәмін бір көріп отырғанда асқазан тұсынан жағымсыздық сезуіңіз мүмкін. Тіпті кей адамдардың іші ауыруы немесе іші кебуі мүмкін. Бұл жаңажылдық көңіл күйге кері әсер етеді. Ендеше, мерекеде қандай тағамдар жеген дұрыс және қалай тамақтану керек? Бұл сұрақтарға диетолог Салтанат Болатбекқызы жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Жаңажылдық дастарқанға қандай тағамдар дайындау керек?

Диетолог Салтанат Болатбекқызы жаңажылдық дастарқанға міндетті түрде майонезсіз дайындалатын көкөністер мен шөптер салатын жасауға кеңес берді.

"Жаңажылдық ақ дастарқанда басқа күндер секілді жасұныққа көбірек мән беруіміз керек. Себебі кез келген мерекелік дастарқанда көмірсулар көп болады: торт, бәліш, тәттілер, сусындар. Асқазан олардың барлығын бір уақытта қорытып үлгермеуі мүмкін. Сол үшін де рационға ферменттелген салаттар мен өнімдерді, майонез қосылмаған жасыл, қызыл түсті шөптер мен көкөністерден жасалған салаттарды қосу керек. Себебі олардың құрамындағы жасұнықтар тағамдарды қорытуға көмектеседі", - дейді ол.

Маман ыстық тағам ретінде көкөністермен балық пісіруге кеңес берді. Егер еттен тағам дайындағыңыз келсе, оның диеталық түрлерін таңдауға болады. Мысалы, күркетауық, тауық еті. 

Қазір интернетте түрлі рецептер бар. Диетолог жаңажылдық дастарқанның негізгі тағамдарының біріне айналған - оливье салатының да диеталық рецептері бар екенін ескертті.

Асқазанға ауыртпалық түспес үшін қалай тамақтану керек?

Диетолог Салтанат Болатбекқызы бірнеше пайдалы тамақтану әдеттерін атады:

Үйреншікті тамақтану режимін сақтау

Көпшілік адам кешке мерекелік дастарқан болады деп күндіз тамақ ішпейді. Бұл дұрыс емес. Асқазанға бірден ауыртпалық түспес үшін таңғы ас, түскі асты рет-ретімен ішу керек. Таңғы ас май мен ақуызға бай тағамнан тұрса, бұл адамды кешке артық тамақтанудан қорғайды. 

Су нормасын сақтау

Кешке дастарқанға отырарға дейін судың нормасын орындау қажет. Сондай-ақ тамақтанардың алдында бір стақан су ішіп алсаңыз, адамға тойымдылық сезімі тез келеді. Бұл да артық тамақтанудан қорғап, асқазанға ауыртпалық түсірмейді. Мида "тойдым", "шөлдедім" деген ақпаратты ағзамызға жіберетін екі нүкте қатар орналасқан. Адам судың нормасын сақтамаса, шөлдесе, ол шатасып, қарны ашқан сияқты болады. Сондықтан ол көп тамақ жеп қояды. Ал ол асқазанға күш түсіреді.

depositphotos.com

Тамақты жеу реттілігін сақтау

Дастарқанға отырып, тамақтанғанда реттілікті сақтаңыз. Бірінші салаттарды, содан соң ақуызды өнімдерді (ет, тауық, балық) жеңіз. Одан кейін де әлі де тамақ жегіңіз келіп тұрса, қарныңыз ашып тұрса, көмірсуларды (торт, бәліш, ұнды өнімдер) жеуге болады. Көмірсуларды ең соңғы орынға қалдырыңыз. Себебі қарныңыз тойып кетсе, олардың дәмін ғана көруіңіз мүмкін. Бұл артық тамақтанудан сақтайды. Жалпы мерекелік дастарқанға отырған кезде ақуызды тағамдарды іздеп, соларды жеген дұрыс. 

Тамақты көп жеп қойсаңыз...

Диетолог егер тамақты көп жеп қойсаңыз және ауыртпалық сезініп тұрсаңыз, ферменттер ішуге болатынын айтты.

"Тамақты көп жеп қойған жағдайда қосымша ферментті ішуге болады. Дәріханаларда ферменттер сатылады. Оларды тек қонаққа барғанда өте көп тамақ жеп қойған кезде ішуге болады. Ол асқорытуды жеңілдетеді", - деді Салтанат Болатбекқызы.

Маман тамақтанғаннан кейін ас жақсы қорытылуы үшін міндетті түрде қозғалуға кеңес берді.

"Тамақ ішкеннен кейін бірден ұйықтап қалмаңыз. 30 минут немесе 1 сағат серуендеңіз. Вертикаль күйде тамақ қорытылады, ал жатқан кезде қорытылмай қалады. Сондықтан тамақ ішкеннен кейін билеңіз немесе далаға шығып жүріп келіңіз", - деп қорытындылады диетолог.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!