"Асқар, Азамат, Олжас емес". Танымал өнер адамдары балаларына қандай есім таңдады?

Жақында белгілі актриса Жәния Джуринская тұңғышын дүниеге әкелсе, әнші Мақпал Исабекова 38 жасында ана атанды. Танымал өнер адамдары балаларына қандай есім таңдады? Massaget.kz тілшісі шолу жасады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, 2022 жылғы маусымда ұл балаларға жиі қойылған есімдер ішінде Алихан (190), Айсұлтан (136), Алдияр (120) көш бастайды. Ең соңғы орында - Аңсар (63). Ал қыздар арасында Медина (332), Айлин (254), Айша (242) алғашқы үштікке кірсе, соңғы орында Ясина есімі (73) тұр.

Жасөспірім кезден армандаған есім

Жәния Джуринская қызына "Софи" деген есім қойды. Ол Instagram-парақшасында жасөспірім кезінен бері осы есімді армандағанын жеткізді. Сонымен қатар, бұл есім оның әжесінің де аты екен.

Актрисаның айтуынша, қыз екенін білгенде, жары бірден осы есімді қоюға қолдау көрсетіпті. Ал ашық дереккөз мәліметтеріне сүйенсек, қыздарға арнап қойылатын "Софи" есімі грек тілінен алынған. Оның "София" деген де нұсқасы бар. Бұл есімнің мағынасы ежелгі грек тілінен алғанда, "даналық, парасаттылық, ғылым" дегенді білдіреді.

Асқар, Азамат, Олжас емес 

Мақпал Исабекова да ұлына ерекше есім қойды. Оның айтуынша, бұл есімді күйеуі қойған. Олар Асқар, Азамат, Олжас секілді есімдерді қойғысы келмей, көп кездесе бермейтін сирек есімді іздепті. Әнші күйеуі өмірге келмеген жеті баласына да есім тауып қойғанын жазған. Осылайша, олар "Теодор" деген есімді таңдапты.

"Теодор! Құдайдың сыйы! Тео! Тедди! Ол бізге Құдайдың берген сыйы! Біздің құтты баламыз! Әлхамдулиллаһ", - деп жазды әнші.

Ашық дереккөз мәліметтері бойынша, Теодор есімі латын тілінен шыққан. Қазақ тіліне аударғандағы мағынасы - "Құдайдың сыйы", "Құдайдың хабаршысы". Бұл - Федор есімінің шетелдік аналогы. 

Далила

Актер Дидар Кәденнің жұбайы да жақында босанды. Олар қызына "Далила деген есімді таңдаған. Бұл туралы актер Желідегі парақшасында жазды.

Ашық дереккөз бойынша, Далила - ежелгі еврей мифологиясының кейіпкері. Ал "Далила" сөзі ағылшын танымында тыңшы әйел деген атауға пара-пар қолданылады екен.

Амани

RinGo тобының экс-мүшесі Батыр Байназаров та екінші қызына ерекше есім берді. Олардың таңдауы   "Амани" есіміне түскен.

Амани - арабтарда қыздарға қолданылатын есім. Ол үміт, тілек, қиял, сенім дегенді білдіреді. Құранда бес рет қолданылған. Құранда келтірілген Умнияның көпше түрі.

Әнші Төреғали Төреәлі үш қыздан кейінгі екі ұлына да ерекше есім берген. Үлкені - Төренұр, кішісі - ТөреМұхаммед Әли. Оның екі ұлға дейін Томирис, Тоғжан және Фатима есімді қыздары бар.

Көппен бірге таңдаған есім

Сәкен Майғазиевтің тұңғышы Әділеттің артынан ерген қыздарының да есімдері ерекше. Әнші қыздарына Раяна, Мәриям, Сафия деген есімдерді таңдаған.

Ол төртінші қызына есім таңдарды әлеуметтік желі арқылы көптің көмегіне жүгініп, Instagram желісіндегі оқырмандарынан "Сафия" мен "Дария" есімдерінің қайсысы дұрыс екенін сұрап көрген еді. Осылайша, ол "Сафия" есіміне тоқтаған. 

Сафия - түбі арабтан шыққан есім, мағынасы "таза", "айқын", "таңдаулы" дегенді білдіреді. Сафия мұсылман әйелдердің Сафи (Сафа) есімінің бір нұсқасы. 

Ерекше есім қойған өнер адамдарының бірі - Лидо Досалина. Әнші тұңғышын АҚШ-та босанып, оған Риана деген ат қойған. Ол екінші ұлын Рахмен деп атаған.

Бүркіт пен Аишаның тұңғыштарының есімі де ерекше. Олар ұлдарына қазақ, араб тілдерінде кең қолданылатын "Зейін" деген есімді қойған.

Ал "Жігіттер" тобындағы Бағлан Әбдрайымов тұңғыш қызының есімін Айқаракөз деп қойған. Бір қызығы, "Айқаракөз" - топтың репертуарына кіретін халық әні.

Ерболат Беделхан да ерекше есім қойғандардың қатарында, ол қызына "Мейірлен" деген есім берген. Ал актер Берік Айтжанов тұңғыш ұлын "Тауасар" деп атаған. Ашық дереккөз мәліметтеріне сүйенсек, халық арасында "Тауасар батыр" жайлы аңыздар көп кездеседі.