Абай Алматының шыға берісіне орналасқан, қалаға тиіп тұрған ауыл. Алайда жартылай қалаға кіріп жатқан ауылдың мәселесі шаш етектен. Соның бірі қоғамдық көлік мәселесі. 12 мыңнан аса халық тұратын Алматының іргесіндегі Абай ауылына бірде-бір қоғамдық көлік қатынамайды. Ауыл шетіне ғана кіретін №11 қоғамдық көлік те біраз күннен бері бағытын өзгерткен. Соның салдарынан қарапайым қараша қалаға такси жалдап қатынауға мәжбүр. Тұрғындар "әкімдікке қанша арыздансақ та, мәселеміз он шақты жылдан бері оңды шешілмей келеді" дейді. "Не қоғамдық көлік жоқ, таксилер кейде аязды күндері болмай қалады. Сондай кезде қалаға жаяу шұбырамыз. Егер енді ауылға қоғамдық көлік кірмейтін болса, жолды жабуға дейін барамыз. Ашынып біттік" деген тұрғындардың мәселесімен Massaget.kz тілшісі танысып келді.
Ауыл тұрғыны Бибітгүл Иманованың такси күтіп тұрғанына бір сағаттан асқан. Ауыл шетіндегі аялдамаға дейін үш шақырым жолды жаяу жүріп келген ол, одан әрі амалсыз такси күтіп тұр. Өйткені жұмысына асыққан бұқараның жартысы таксимен кеткен. Ал қалғаны екі шақырым жаяу жүріп ауыл сыртындағы Алтын орда көшесіне дейін жаяу шығуға мәжбүр. Сол көшеден ғана қоғамдық көлік жүреді.
"Кеше таңғы алтыда тұрып аялдамаға келдім. Алайда қоғамдық көлік жоқ. Жұмысқа бару үшін амал жоқ тағы екі шақырым жаяу жүріп Алтын орда көшесіне дейін баруға тура келді. 11-автобустың жүргізушісінен сұрап едім, олар енді Әзербаев көшесімен жүрмейтінін жеткізді. Жалғыз мен ғана емес аялдамада 30-ға тарта адам болды. Таксимен баруға халықтың жағдайы жетпейді", - деді ауыл тұрғыны.
Қоғамдық көлікті күте-күте жалыққан жұрт жол жиегінде такси тоқтатуға мәжбүр. Трассаға дейін кемі 300 теңге төлейді. Бұл да қымбатшылық қысқан халыққа оңай болмай тұр. Баруын барғанымен, ауылға қайта келу де қиямет қайым екен. Себебі "Алтын орда" базарына дейін қоғамдық көлікпен келген жұрт Абай ауылына жете алмай әлек болады. Себебі такси жүргізушілері ұзын-сонар кептелісті сылтау етіп, ауылға апармайтын көрінеді.
Ал "Қарасай ауданы әкімдігі" болса Алматы қаласынан 50-шақырымға дейінгі елді мекендерінің тұрғындарына қоғамдық көлік ұйымдастыру, оның ішінде Думан шағын ауданынан - Абай ауылына дейінгі аралықты қатынайтын №11 маршруты Алматы қаласының қалалық мобильді басқармасының құзырында екенін айтып ат тонын ала қашты.
Ал 11-автобустың бағытын өзгертуіне Абай ауылына кіре беріс жолының сапасының нашарлығы себеп болған. Бұл қаланың дәл іргесіндегі ауылдың жолының жай күйі.
Нақтырақ айтсақ Әзербаев көшесі таудан аққан бұлақ суының салдарынан 10 күнде тас талқаны шыққан. Таудан аққан бұлақ суы арықсыз ауылда жайылып, асфалттың дымын қалдырмаған. Қараусыз қалған ауылдың бұл да болса бәр мәселесі.
"Қазіргі уақытта Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен, аталған жолға шұңқырлы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін электронды сатып алу конкурсы жүргізілуде. Конкурс рәсімдері нәтижесінен кейін жөндеу жұмыстары жүргізіліп, №11 маршруттың жүру бағыты қалпына келтірілетін болады", - дейді жауаптылар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!